Енді ҰБТ нәтижесі тақырыптар бойынша талданады – Асхат Аймағамбетов

15 Наурыз 2022, 13:00
2052
Бөлісу:
Енді ҰБТ нәтижесі тақырыптар бойынша талданады – Асхат Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Енді ҰБТ қорытындысы тақырыптар бойынша талданады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов айтты.

Қаңтарда ҰБТ өтті. Жалпы көрсеткіштер жаман емес. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда үлгерім бойынша жақсы айырмашылықтар бар. Енді наурыздағы ҰБТ да өтіп жатыр. ҰБТ-ны жылына 4 рет өткізуді енгізу дұрыс шешім деп ойлаймын. Бұл жұмысты әрі қарай да жалғастырамыз. Бұл балаларға психо-эмоционалдық күйзеліске түспеуін қамтамасыз етудің бір жолы. Одан бөлек, балалардың білімін сынап көруге арналған маңызды құрал, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.

Министр осыған дейін Ұлттық тестілеу орталығына тиісті тапсырма бергенін айтты.

Алдыңғы жылдан бастап алғаш рет электронды форматқа көштік. Бұл электронды форматқа көшу бізге жақсы мүмкіндік беріп отыр. Енді ҰБТ қорытындысы тақырыптар бойынша талданады. Әр мектеп, әр аудан, әр облыс бойынша ҰБТ талдауын жасап, сіздерге береміз. Бірақ бұл жерде орташа балл емес, нақты қандай тақырып және пән бойынша ақпарат беріледі. Осы ақпарат бойынша білім беру сапасы бойынша тиісті шешімдер қабылдауға мүмкіндік туады, - деп атап өтті Білім басшысы.

Аймағамбетов бұл жүйе әр түлек үшін де ыңғайлы болатынын атап өтті. Яғни қай тақырып, пән бойынша қосымша жұмыс істеу керегін түлек өзі қарап, біліп отырады.

Бұл бастама наурыз ҰБТ-сында бірінші рет енгізіліп отыр. Ал жазда өтетін (грант үшін) ҰБТ-да бұл барлық мектеп шеңберінде енгізіледі.

Өзгелердің жаңалығы