Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Енді қазақстандықтар чек талап етіп, мол ақша ұтып ала алады

Олжас АДАЙ
30 Шілде 2025, 14:58
15056
Бөлісу:
 жасанды интеллект/ BAQ.KZ
Фото: жасанды интеллект/ BAQ.KZ

Қазақстанда тұтынушылардың құқықтық мәдениетін көтеру мақсатында "Salyq кэшбэк" пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынберген мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жоба азаматтарды микро және шағын бизнес субъектілерінен бақылау-кассалық машиналар (БКМ) арқылы фискалдық чек алуға ынталандыруға бағытталған. Чек алған тұтынушыға сатып алу сомасының 2%-ы мөлшерінде ақшалай сыйақы төленеді. 

"Salyq кэшбэк" жобасына кез келген азамат қатыса алады. Ол үшін тауар не қызмет ақысын төлегенде фискалдық чек алып, "Amian" мобильді қосымшасы арқылы чек бетіндегі штрих-кодты сканерлеу жеткілікті, – деді Ерқанат Шынберген.

Кэшбэк ретінде түскен ақшаны банк картасына аударуға немесе ұялы байланыс балансына жіберуге болады.

Семей мен Ақкөлде басталып, 10 облысқа кеңейтілді. Жобаның алғашқы кезеңі 2024 жылы Абай облысының Семей қаласы мен Ақмола облысының Ақкөл ауданында жүзеге асырылған. Нәтижесінде алынған чектер саны 2 есе артқан, олардың жалпы сомасы 32%-ға көбейген.

Кэшбэк қанша төленді?

2025 жылғы шілде айындағы жағдай бойынша 12 378 азамат жалпы сомасы 62,6 млн теңгеден астам кэшбэк алған. Сонымен қатар, жоба енгізілген өңірлерде чектер саны 13%-ға, жалпы чек сомасы 18%-ға артқан. Бұл көрсеткіштер ынталандыру жүйесінің тиімділігін нақты дәлелдейді.

Кэшбэк алудың шарттары қандай?

Чек сканерлеуге дейін 24 сағаттан кешікпеуге тиіс;
Ай сайынғы ең жоғары кэшбэк сомасы – 20 000 теңге.

Өзгелердің жаңалығы