Енді мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақылар бір мезгілде берілуі мүмкін

16 Қыркүйек 2021, 09:56
1674
Бөлісу:
Енді мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақылар бір мезгілде берілуі мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты.

Сенатта министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын таныстырды.

Заңда мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделген. Бүгінгі таңда мүгедектігі бар бала ата-анасы ажырасқан кезде алиментке қоса мүгедектігі бойынша жәрдемақыны қатар алып отырады. Алайда ата-анасының біреуі не екеуі де қайтыс болған жағдайда бала тек қана мүгедектігі бойынша немесе асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алады, - деді министр Сенатта.

Оның айтуынша, жәрдемақының екі түрін бір мезгілде тағайындау ата-анасынан айырылған балаларға қатысты кемсітетін норманы алып тастауға және асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедек балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл норма енгізілген кезде 2 000-нан астам бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қоса, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алады, - деп түсіндірді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетейік, бұған дейін мүгедектігі бар адамдарға күтім көрсетушілерге жаңа жәрдемақы түрі енгізілетінін және 7 жастан 16 жасқа дейінгі балалар мүгедектігі бойынша топтарға төлінетінін жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы