Енді мектептегі бос орын туралы хабарлама арнайы платформаға орналастырылады

22 Қараша 2022, 12:42
1767
Бөлісу:
Енді мектептегі бос орын туралы хабарлама арнайы платформаға орналастырылады

Енді мектептер бос орын туралы хабарламаны арнайы платформада көрсетеді. Бұл желтоқсан айында іске қосылады. Мұндай ақпаратты Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоның аппарат отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр бұған дейін жұмысқа қабылдау ережелері бекітілгенін атап өтті.

Педагогтерді жұмысқа қабылдау өте маңызды мәселе. Жұмысқа ашық, айқын, әділ қабылдануы керек. Ол үшін заңнамаға өзгеріс енгізіп, жаңа жүйе енгіздік. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, біз осындай жергілікті деңгейдегі мәселелерді жасырмаймыз, айқын көрсетуіміз керек. Оны алдағы уақытта да бақылауымызда ұстап, тексеріп отырамыз. Қаласа да, қаламаса да  бұл мәселе бойынша әділдікті орнатамыз, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.

Министр мұғалімдер жұмысқа тек конкур арқылы алынуы керегін еске салды. Аймағамбетовтің айтуынша, алдағы уақытта мектептер мұғалімдерді жұмысқа алу үшін бос орындарды ашылатын арнайы платформаға орналастырады.

Біліктілігі дәлелденген және тиісті талаптарға сай әріптестер жұмысқа алынуы керек. Проблемаларды жүйелі шешу үшін орталықтандырылған цифрлы платформаны ашылады. Ол желтоқсан айында іске қосылады. Ол үшін жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарын аяқтауға жақын қалдық. Яғни енді барлық мектеп жұмысқа алу үшін осы платформа арқылы бос орындарды көрсетіп,  барлық рәсімді ашық, айқын жүргізіп, тиісті шешім шығаруға мүмкіндік алады, - дейді еліміздің бас ұстазы.

Аймағамбетовтің айтуына қарағанда, мектептер екі сағатқа ғана хабарламаны (бос орындар туралы – ред.) іліп қояды.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов педагогтерді жұмысқа қабылдау кезінде жіберілген құқық бұзу фактілеріне қатысты мәліметті жариялаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы