Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Енді медицина қызметкерлеріне күш көрсеткендер қатаң жазаланады

Жансая ҚАМБАР
Кеше, 15:58
228
Бөлісу:
 Артём Чурсинов
Фото: Артём Чурсинов

Мемлекет басшысы “Қылмыстық кодекске және Қылмыстық-процестік кодекске толықтырулар енгізу туралы” заңға қол қойды. Енді Қылмыстық кодексте медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты күш қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін жаңа бап бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары Бағжан Мұхаметбек осы уақытқа дейін қолданылып келген заңнамада медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем көлігі жүргізушілеріне зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік жалпы негізде қарастырылып келгенін айтты.

Қоғам дәрігерге немесе жедел жәрдем қызметкеріне жасалған шабуыл жай ғана тұрмыстық жанжал емес, бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне қарсы бағытталған әрекет екенін түсінуі керек. Мұндай фактілерге қатаң құқықтық баға беру үшін арнайы бап қабылданды, - деді ол.

Қабылданған заңға сәйкес, Қылмыстық кодекс 380-3 бабымен толықтырылды және мынадай жауапкершілік көзделген:

  • жедел жәрдем бригадаларының медицина қызметкерлері мен жүргізушілеріне қатысты зорлық-зомбылық қолданамын деп қорқытқаны үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделеді. Ауырлататын мән-жайлар болған кезде 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
  • өмірге және (немесе) денсаулыққа қауіпті емес зорлық-зомбылықты қолданған кезде 500-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар, не 2 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделеді. Егер іс-әрекет ауырлататын жағдайларда жасалса, жаза қатаңдатылады, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру;
  • өмір мен денсаулыққа қауіпті зорлық-зомбылықты қолдану 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ауырлататын жағдайлар болған кезде 7 жылдан 12 жылға дейін.

Егер медицина қызметкеріне немесе жедел жәрдем көлігі жүргізушісіне қызметін атқару кезінде күш көрсетемін деп қорқыту немесе зорлық-зомбылық, күш көрсету жағдайлары болса, ол Ішкі істер органдарына жүгініп, өзінің құқығын қорғау мүмкіндігіне ие. Өз кезегінде күш көрсеткен не күш көрсетемін деп қорқытқан адам заңға сәйкес жазаланады, - деді Бағжан Мұхаметбек.

Өзгелердің жаңалығы