Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында Қазақстан энергетика саласында Бірыңғай мемлекеттік басқару жүйесін (БМБЖ, EnergyTech) құру және енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
EnergyTech платформасы QazTech бірыңғай талаптарына сәйкес отын-энергетика кешенінің барлық саласын бір платформада біріктіреді. Жүйе энергетика секторынан бастап, көмір өнеркәсібіне дейінгі негізгі басқару процестерін үйлестіруге арналған. 2026-2027 жылдары платформаны толық әзірлеп, өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланып отыр, - деді ведомство басшысы отырыста.
Биыл 7 цифрлық сервис пайдалануға берілді, оның ішінде энергетика саласына қатысты екі сервис ерекшеленеді:
- күзгі-қысқы кезеңге дайындықты және одан өту барысын мониторингтеу;
- станциялардың шекті тарифтерін бекіту бойынша қызмет.
Ақкенженов атап өткендей, 2025 жылы күзгі-қысқы кезеңді бақылауға арналған салалық сервис тәжірибелік пайдалануға енгізілді. Бұл сервис активтерді толық есепке алуды, объектілерді онлайн бақылауды және бірыңғай цифрлық ортада жөндеуді жоспарлауды қамтамасыз етеді.
Жүйеде барлық объектінің, тораптардың және жабдықтардың цифрлық тізілімдері құрылып, нақты уақыттағы деректер алынады. Келесі кезеңде ақаулар журналын цифрлық тізілімдерге толық ауыстыру, активтерді верификациялау және жөндеу мерзімдерін тұрақты бақылау жүзеге асырылады, - деп түсіндірді Энергетика министрі.
Министрліктің хабарлауынша, цифрлық сервистердің тиімділігі мынадай:
- күзгі-қысқы кезеңге дайындық мониторингінің мерзімі 90 күнге дейін қысқарады;
- күзгі-қысқы кезеңдегі авария қаупі 25%-ға төмендейді.
Сонымен қатар шекті тарифтерді бекіту сервисі қағаз түріндегі құжат айналымын толықтай жойып, ашықтықты және басқарушылық рәсімдерді арттырады. Қазіргі кезде 63 генерациялау субъектісі, 83 объектісі, 1 664 құжат қамтылған.
Сервистен алынған негізгі тиімділік:
- келісу регламентіндегі бизнес-процестер саны 2 есеге қысқарды;
- өтініш берушілерге түсетін әкімшілік жүктеме 56%-ға төмендеді.
Министрлік EnergyTech платформасы арқылы энергетика саласындағы басқару тиімділігін арттыруды, авариялық жағдайлардың алдын алуды және цифрлық трансформацияны жеделдетуді жоспарлап отыр.
Еске салсақ, Энергетика министрлігі Қазақстанда көмірден алынатын электр қуатын таза көмір технологиясы негізінде дамытуға бағытталған бірқатар ірі жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ведомство басшысы Ерлан Ақкенженов айтты.