Енді eGov mobile қосымшасында еңбек шартына қол қоюға болады

2 Шілде 2024, 15:52
1082
Бөлісу:
Енді eGov mobile қосымшасында еңбек шартына қол қоюға болады
Фото: «ҰАТ» АҚ

Жаңа сервис пайдаланушылар, ұйымдардың жаңа жұмыскерлері үшін eGov Mobile мобильді қолданбасында қолжетімді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Енді пайдаланушылар жұмыс берушімен еңбек шартына тек қағаз түрінде ғана емес, смартфондардан да қол қоя алады. «ҰАТ» АҚ Қоғаммен байланыс басқармасы осындай жағымды жаңалығын жеткізді.

Жұмыс беруші https://hr.enbek.kz порталында өзінің жеке кабинетінде электрондық еңбек шартының жобасын жасайды және оны жұмыскерге келісуге жолдайды. Жұмыскерге шартқа қол қою ұсынысымен eGov Mobile мобильді қолданбасында push-хабарлама келеді. Жұмыскер өзінің жеке басын қысқа парольмен, мобильді қосымшадағы биометриялық деректермен растайды, Push-хабарлама арқылы өтеді. Жұмыскер еңбек шартымен танысады, егер шарттармен келіссе, қысқа кодты енгізіп немесе биометриялық деректермен тексеруден өтіп, өзінің ЭЦҚ көмегімен қол қояды. Жүйе http://hr.enbek.kz порталындағы жұмыс берушінің Жеке кабинетіне хабарлама жібереді. Жұмыс беруші электрондық еңбек шартына қолжетімді тәсілдердің бірімен ЭЦҚ немесе QR арқылы қол қояды. Жүйе қол қойылған электрондық еңбек шартын Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) тіркеуге автоматты түрде жібереді, содан кейін шарт жасалған болып есептеледі. Сервис іске қосылған сәттен бастап қол қойылған электронды еңбек шарттарының саны 775-ті құрады.

Егер пайдаланушыда мобильді қолданба орнатылмаған болса, бірақ МАБ-та (мобильді азаматтар базасында) тіркелген болса, оған қолданбаны жүктеуге сілтемемен, жаңа хабарламаның келіп түскені туралы ақпараты бар 1414 нөмірінен sms-хабарлама жіберілетін болады. Қолданбаға ең алғаш кірген кезде пайдаланушыға жіберілген барлық хабарламалар шығып тұрады.

Жіберілген push-хабарламаларды мобильді қолданбада, хабарлама санатына байланысты «Хабарламалар» бөлімінде көруге болады.

Қызметтің жаңа функционалы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитеті және ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның бірлескен жұмысының арқасында іске қосылды.

Өзгелердің жаңалығы