Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Енді дұрыс пайдаланылмаған жер учаскелері аукцион арқылы сатылады

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
5 Наурыз 2025, 12:09
680
Бөлісу:
 Ауыл шаруашылығы министрлігі
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Мәжілісте Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" бірінші оқылымда таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елорда мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша енгізілген түзетулер аясында Мәжіліс депутаттары жерді мақсатына сай пайдаланбау жағдайында оны қайтару тетігін қарастыратын толықтырулар енгізді.

Жұманғариннің сөзінше, жаңа нормаларға сәйкес, егер мақсатына сай пайдаланылмаған жер учаскесі жеке меншікке тиесілі болса, ол аукцион арқылы сатылуы тиіс. Осы ретте бұрынғы меншік иесіне тек жер учаскесін сатып алуға жұмсаған бастапқы сомасы ғана өтеледі. Егер жер аукционда жоғары бағаға сатылса, қалған сомма бюджетке аударылады. Бұл аукционға үлестес тұлғалардың қатысуын болдырмауға және бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді. 

Осылайша, жер телімдерін мақсатына сай пайдаланбаған меншік иелері жерді сатып алу мен сату арасындағы айырмашылықтан пайда таба алмайды.

Мәжілісмендер елорда мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Өзгелердің жаңалығы