Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент палаталарының бірлескен отырысында алдағы уақытта депутаттық корпус қандай заңдармен жұмыс істейтінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз алдағы заң шығару жұмысының берік негізін қаладық. Қыруар жұмыс атқарылды. Кеше ғана Өз сөзінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент жұмысына оң бағасын берді. Келесі сессияда да осы қарқыннан таймауымыз қажет, - деді спикер.
Қошанов Президенттің Сайлауалды бағдарламасын орындау негізгі басымдық болып қала беретінін атап өтті. Сөзінше, депутаттар еліміздің жаңа экономикалық моделінің құқықтық негізін қалыптастыру жұмысын жалғастыра береді.
Қазіргі кезде Парламент қоржынында 71 заң жобасы бар. Депутаттық корпус енді Бюджет, Салық, Құрылыс, Су кодекстері бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар біз мүлде жаңа Цифрлық кодексті күтіп отырмыз. Алдымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет, есірткімен күрес, дін, сот жүйесіндегі реформалар және басқа да мәселелерге қатысты заң жобалары бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Парламент, Үкімет және сарапшылар қоғамдастығы үйлесімді әрі жан-жақты жұмыс істеуі қажет, - деп айтты ол.