Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың мәлімдеуінше, алдағы уақытта бірге сапар шегетін жолаушылардың жүк нормаларын біріктіруге рұқсат берілуі ықтимал, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі таңда көптеген әуе компаниялары, жолаушылардың жалпы жүк салмағы белгіленген нормадан аспаса да, артық салмақ үшін қосымша ақы талап етеді. Бұл төлем көлемі кей жағдайларда 40 мың теңгеге дейін жетеді.
Мәжіліс депутаттары азаматтардың жүк тасымалдау талаптарына жиі шағымданатынын айтып, бұл жағдайды жолаушылардың құқықтарын шектеу және негізсіз қаржылық жүктеме ретінде бағалады.
Депутаттар ұсынған негізгі бастамалар:
- Жолаушылар жүк нормаларын біріктіру құқығын заңнамалық тұрғыдан бекіту;
- Әуе компанияларына бұл талаптарды орындау бойынша бақылау орнату және жауапкершілік енгізу;
- Брондау кезінде жүк нормаларын біріктіру мүмкіндігі туралы жолаушыларға міндетті ақпарат беру;
- Халықаралық тәжірибені зерттеу және оны ұлттық заңнамаға бейімдеу.
Үкіметтің жауабы:
Роман Склярдың айтуынша, Қазақстанда жүкті біріктіруге заңмен тыйым салынбаған, алайда бұл мәселе әр әуе компаниясының ішкі ережелерімен реттеледі. Қазіргі уақытта Көлік министрлігі халықаралық тәжірибені (ЕО, АҚШ, IATA ұсыныстары) зерттеп, теңгерімді тәсіл әзірлеу үстінде. Талдау нәтижелері оң болса, тиісті заңнамалық өзгерістер бастамаланатын болады.