Елімізде онлайн несие рәсімдеу уақыты ұзартылуы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қазір банктермен бірге бұл мәселе қарастырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Несие алуға электрондық түрде тыйым салсақ, азаматтар бәрібір де банктің филиалдарына барып несие алуға мүмкіндігі бар. Сол себептен бұл халықтың шамадан тыс несиеге бату мәселесін толығымен шешпейді», - деді агенттік басшысы.
Оның сөзінше, несие портфелінің 25 пайызы тауар мен қызметтерді бөліп төлеу кіреді.
Оларға тыйым салып, шектеуді дұрыс деп ойламаймын. Қаржылық қолжетімділік болуы керек. Қаржы алаяқтарымен күресу – қазіргі уақытта ең маңызды мәселе. Онлайн несиеге тыйым салу бойынша бүгін біз талқыладық. Жоғары қауіпті операциялар болса немесе халықтың әлеуметтік осал тобы, оның ішінде зейнеткерлер бойынша банктер қосымша тексеру жүргізуі керек. Белгілі бір кезең болу керек. Депутаттар осыны ұсынып жатыр, біз де қарастырудамыз. Яғни несие бірден мақұлданбай, белгілі бір кезең өтіп, қосымша тексерістер жүргізілген соң ғана несие берілетіндей ұсынысты қарап жатырмыз. Мысалы, бұл несиеге өтініш берген күннің екінші күні болуы мүмкін. Біз ресейлік тәжірибені қарастырдық, онда несие беру кезеңі қарыздың сомасына қарай үш сағаттан бастап екі тәулікке дейінгі уақытты алуы мүмкін. Бұл ұсыныстарды банктермен бірге қарастырып жатырмыз, - деп түсіндірді агенттік төрағасы.
Осыған дейін банктер азаматтарға "несие төле" деп хабарласса, айыппұл төлейтіні, сондай-ақ психиатриялық және наркологиялық есепте тұрғандарға кредит берілмейтіні туралы жазған болатынбыз.