Енді азаматтар 45 жастан зейнетақы аннуитеті шартын жасай алады

24 Ақпан 2021, 12:56
3624
Бөлісу:
Енді азаматтар 45 жастан зейнетақы аннуитеті шартын жасай алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға зейнетақы аннуитеті келісімшарттар бөлігіндегі түзетулер» тақырыбында өткен онлайн брифинг кезінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Сақтандыру нарығын дамыту басқармасының бастығы Сағи Әжібек айтты.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтар зейнет жасына жеткен кезде зейнетақы төлемдерін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» алуға құқылы немесе зейнетақы жинақтары жеткілікті болған жағдайда «Өмірді сақтандыру» компаниясынан зейнетақы аннуитетін сатып алу арқылы төлемдер ала алады. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» төлемдер зейнетақы жинақтары біткенге дейін жүзеге асырылады. Ал «Өмірді сақтандыру» компаниясынан төлемдер алдын ала нақты белгіленген мөлшермен өмір бойы жүзеге асырылады. Сонымен бірге зейнетақы аннуитеті бойынша ер адамдар 55 жасқа, әйел адамдар 52 жасқа толғаннан бастап төлемдер жасалынады. «Өмірді сақтандыру» компаниясы зейнетақы аннуитеті бойынша  төлемдерді сақтанушының өмір бойы ай сайын төлейді және жыл сайын төлемдерді 5%-дан кем емес көрсеткішке көтеріп отырады, - деді ол.

Оның айтуынша, зейнетақы аннуитеті шартында кепілдендірілген төлем мерзімін орнатуға болады. Бұл опция сақтанушы қайтыс болған жағдайда зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдерді мұрагерлерге беру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. 

Осы жылдың 2 қаңтарында Мемлекет басшысы қол қойған «Экономикалық өсімді қалпына келтіру туралы» Заңмен зейнетақы аннуитеті сияқты сақтандыру өнімімен қамтамасыз ету ережелеріне маңызды түзетулер енгізілді. Бұл түзетулер азаматтар үшін зейнетақы аннуитетінің қолжетімділігін әрі тартымдылығын арттыруға әсер етті, - деді ол. 

Сағи Қалиұлы баяндама барысында негізгі өзгерістерге де тоқталды. Оның мәлімдеуінше, бұрын зейнетақы аннуитеті бойынша ең төменгі төлем мөлшері минималды зейнетақыдан төмен болмауы керек. Қазіргі таңда қабылданған өзгерістерге байланысты төлем мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен болмауы қажет.

Осы шараның нәтижесінде аннуитеттің құны шамамен 40%-ға төмендеді. Сондай-ақ төлемдері кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті енгізілді. Бұл сақтандыру өнімі бойынша азаматтар 45 жастан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасай алады. Ал төлемдерді ер адамдар 55 жастан, әйелдер 52 жастан бастап алады, - деді ол.



Өзгелердің жаңалығы