Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Енді ата-ана мектеп пен мұғалімнің сенімді серіктесіне айналады

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
17 Қыркүйек 2025, 12:02
673
Бөлісу:
 Артём Чурсинов  - архив
Фото: Артём Чурсинов - архив

Оқу-ағарту министрлігі “Біртұтас тәрбие” бағдарламасын жаңа форматта жалғастырып жатыр. Бұл туралы министрліктің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес, бағдарлама “Адал азамат” атауымен жаңартылды. Бағдарлама алғаш рет 2023 жылы пилоттық режимде сынақтан өтіп, 2024 жылдан бастап барлық білім беру ұйымдарына енгізілген болатын. Қазірдің өзінде 11 мыңнан астам балабақша, 8 мыңнан аса мектеп және 700-ден астам колледж осы бағытта жұмыс жүргізіп отыр.

Жаңа бағдарламадағы басты өзгерістер:

  • Барлық мектеп қамтылады. Мемлекеттік қана емес, жекеменшік мектептер де “Адал азамат” бағдарламасы бойынша тәрбие жұмысын жүргізеді. Ол үшін педагогтер мен тәрбие мамандары арнайы курстан өтті.
  • Ата-аналардың рөлі күшейеді. Енді ата-аналар комитеті мектеп пен мұғалімдердің сенімді серіктесі ретінде жұмыс істеп, ұрпақ тәрбиесіне белсене араласады. Сонымен бірге ата-аналарға арналған педагогикалық қолдау орталықтарының жұмысы кеңейтіліп, мектеп – ата-ана – бала ынтымақтастығына ерекше көңіл бөлінеді.
  • Мемлекеттік органдармен ықпалдастық. Оқушылардың тәрбиесіне қатысты бастамалар 14 орталық мемлекеттік органның қатысуымен бірыңғай жоспарға енгізілді. Мәселен, құқық қорғау органдары мен медицина мамандарымен бірлескен шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып жатыр.
  • Бірыңғай мектеп дизайны. Бағдарлама аясында арнайы брендбук әзірленіп, мектептің ішкі безендірілуіне бірыңғай дизайн код енгізілуде. Бұл білім беру ортасын қосымша тәрбиелік құрал ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Ерлан Қалмақовтың айтуынша, жаңа бағдарлама балалардың тұлғалық дамуына, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы