Ұлттық Банк бөлшек сауданы кредиттеу динамикасына тұрақты мониторинг жүргізіп, қажет болған жағдайда буфер мөлшерін түзету шешімін Қаржылық тұрақтылық кеңесінің қарауына шығарады. Бұл туралы экономист Айбар Олжай айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Енді қарыз алушының табысынан қарыз коэффициенті іске қосылмақ. Бір адамның бойындағы қарыз қатаң қадағаланатын болады. Шектен тыс кредит алып қояға мүмкіндік берілмейді. Сонымен бірге, қарыз алушының борыштық жүктемесіне қойылатын талаптарды қатаңдамақ, - деді маман.
Айбар Олжай қазіргі борыштық жүктеме коэффициентінің мәні 0,5 екенін айтты. Ол қатаңдаса, кредит алу қиындайтынын нақты мысалмен түсіндірді.
Миллион теңге айлығы бар адамның өзі айына 400 мың теңге төлеп отыруы тиіс кредит ала алмайтын болады. Ол үшін айлық табысы 1,5 миллион теңге болуы тиіс болады, - деді экономист.
Ол сондай-ақ ақша құнының өсуіне байланысты 25%-тік ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 2026 жылғы 1 шілдеге дейін уақытша сақталатынын жеткізді.
Маман бұл халық үшін ипотекалық кредиттерді алуға және банк секторының тұрақтылығын қолдау арасындағы балансты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты.
Бұдан бұрын Айбар Олжай енді инфляцияны түсіру мен экономиканы өсіру үш органға ортақ мақсат екенін айтқан.
Сонымен қатар “Бәйтерек” инвестхолдинг функциясына қалай ауысатынын түсіндірген.