Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Енді 1 млн қазақстандыққа МӘМС-ті жергілікті әкімдік төлейді

15 Шілде 2025, 13:07
730
Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив
Фото: BAQ.KZ - архив

Келесі жылы 1 млн қазақстандыққа МӘМС жүйесіне қаражатты жергілікті бюджет төлейді. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте өтіп жатқан баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Денсаулық сақтау саласында қордаланған проблемалар бар екені баршамызға белгілі. Оны бір күнде шешу мүмкін емес. Бірақ біздің кешенді жоспарымыз бар. Қазіргі таңда Қазақстанда 3,3 млн адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Қазір біз келесі жылдан бастап осы 3,3 млн-ның 1 млн-нын жергілікті бюджет есебінен жүйеге енгіземіз. Сондай-ақ жылдан-жылға 3,3 млн деген санды азайтамыз. Ол – үлкен жұмыс. Мемлекеттен ауқымды шығынды талап ететін шаруа. Бірақ біз осы бағытқа көңіл аударып жатырмыз, - деп жауап берді Үкімет басшысы БАҚ өкілдерінің сұрағына.

Сонымен қатар Үкімет басшысы ауылдағы денсаулық сақтау саласына да көңіл бөлініп жатқанына тоқталды. 

Қазір Президенттің тапсырмасы бойынша ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру жөнінде ұлттық жоба іске асырылып жатыр. Жалпы, 600-ден астам шалғай елдімекендерде орналасқан медициналық нысандар бой көтеруде. Біз республикалық бюджеттен де, заңсыз шығарылған активтердің есебінен де осы бағытқа қаражат бөлудеміз. Әрине, мұнымен мәселе толығымен шешілмейді. Кезең-кезеңімен барлық мәселені шешуге тырысамыз, - деді Олжас Бектенов.

Еске салайық, Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектенов және оның орынбасарларының қатысуымен БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингі өтіп жатыр.

Бұған дейін Бектенов экономикалық өсімді сақтау үшін тапсырмалар берген еді.

Өзгелердің жаңалығы