Еңбекшіқазақ ауданында жылына 3,3 млн тонна кен өндірілетін болады

24 Маусым 2021, 16:48
3551
Бөлісу:
Еңбекшіқазақ ауданында жылына 3,3 млн тонна кен өндірілетін болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бұғыты таулы аймағында вольфрам кен өндіру зауытының құрылысы бастады. Сирек кездесетін әрі құндылығы жоғары болып саналатын кенді өніруді  "Жетісу Вольфрам" ЖШС мен шетелдік инвесторлар бірлесіп іске асыруды жоспарлап отыр.

Бұғыты тауының байлығы ең алғаш 1941 жылы анықталып зерттелген. Онда  вольфрам және онымен бірге жанама жүретін тағы да басқа сирек әрі бағалы металдар: алтын, күміс, мырыш пен тағы басқа да құрамдастардың аса бай қоры бар екендігі анықталған. Алайда соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген зерттеу жұмыстары аяқсыз қалған. 

2014 жылы зерттеу жұмыстарын өз қолына алған «Жетісу Вольфрам» зауыты бағалы металл қазба байлықтарын анақтаумен айналысып келеді. Мұндай ауқымды жобаны іске асыру сарапшылардың бағалауы бойынша инвестициялық жобада көзделгендей шамамен 250 млн АҚШ долларын талап етеді.

Жалпы, жобаны 2021-2023 жылдар аралығында жүзеге асыру жоспарланған. Оның құны 94.5 млрд теңгеге бағаланды. Ал кәсіпорынның бір жылдық өндірістік қуаты 3,3 млн тоннаны құрайды.

Қазіргі уақытта жобаның І кезеңі басталған. Дайындық жұмыстарына жергілікті тұрғындар қатарынан 30 адам және шет елден  екі білікті маман тартылған. Жұмысшылардың айлық жалақысы – 250 мың теңге. Жоба іске асырылғаннан кейін 200-ге жуық жергілікті тұрғындар жұмысқа орналасып, 50 адам зауытқа қажетті мамандық бойынша оқытылады.

Вольфрам – ашық сұр түсті, баяу балқитын металл. Вольфрам электр шамының қылы, электр пештерінде қыздырғыштар, рентген түтіктерде, катодтар, тағыда басқа электрлік құралдарда электродтар ретінде қолданылады. Егер Қазақстанның өзі аталған элементтерді өндіріп, қолданысқа енгізетін болса, онда бұл отандық өнеркәсіптің бірнеше секторын одан әрі дамыту үшін негіз болатындығы анық.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың айтуынша, тәуелсіз және егемен Қазақстанның кең байтақ жері пайдалы қазбаларға бай.

Қазақтың кең даласының асты да, үсті де байлыққа толы. Сол қойнауларда жатқан қазба байлықтарды зерттеп, зерделеп, ел игілігіне асыру бүгінгі күннің басты талаптарының бірі әрі бірегейі. Ерекше атап өтетін нәрсе – кен өндіру саласында барлау-геологиялық жұмыстардың сапалы атқарылуының маңызы аса жоғары. Бұл орайда еліміз үлкен жетістіктерімен мақтана алады. Десек те, кадр мен арнайы осы саланың маманы мәселесі қолбайлап тұрғаны жасырын емес. Себебі, сирек кездесетін тау-кен және түрлі металлургиялық өнеркәсіптің әлемдік деңгейде қарыштап дамуына жерасты барлау жұмыстарының жан-жақты зерттелуі және кен байлықтарының мөлшері мен құрамының тап баса анықталуының орны ерекше. Кен өнімдерін өндіруде еліміздің әлемде алдыңғы қатарда болуына, әрине, жоғарыда тілге тиек еткен барлау-геологиялық жұмыстарының дәлдігі мен сапалылығы айрықша әсер етеді, - дейді ол.
Өзгелердің жаңалығы