Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жоюға бағытталған бірқатар заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі, деп хабарлйды BAQ.KZ.
Биыл Қазақстанның № 190 Халықаралық еңбек ұйымының конвенциясын ратификациялау мәселесін қарау шеңберінде Еңбекмині БҰҰ құрылымымен бірлесіп «БҰҰ-әйелдер» гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бойынша Қазақстандағы жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен жыныстық қудалаудың деңгейі мен негізгі себептерін зерделеу мақсатында зерттеу жүргізді.
Зерттеу барысында 1340 әйел мен 208 ұйым басшыларының қатысуымен социологиялық сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға қатысқан әйелдердің шамамен 13% - ы жұмыс орнында зорлық-зомбылық пен қудалау фактілеріне тап болғанын хабарлады, ал жұмыс берушілердің 10% - ына зардап шеккен әйелдерден өтініштер түскен.
Сауалнама барысында физикалық зорлық-зомбылық фактілері туралы айтылмаған. Зорлық-зомбылықтың ең көп таралған түрлерінің ішінде әйелдер жағымсыз жанасуды, флирт, кездесуді, сүйісуге тырысуды (17%), жыныстық тақырыптағы орынсыз әзілдерді (16%), сексуалдық сипаттағы түсініктемелер мен қимылдарды (16%) атап өтті.
Сауалнамаға қатысқан әйелдердің үштен екісінің айтуынша, бұл мінез-құлық негізінен басшылар тарапынан болады. Қалғандары әріптестері мен клиенттерін қорлаушы ретінде атап өтті, оны жұмыс берушілер де растады. Олардың пікірінше, әріптестер мен клиенттер қудалауға жиі жол береді, әсіресе шағын және орта бизнесте, негізінен қызмет көрсету, тамақтану және сауда саласында.
Респонденттердің 80% - дан астамы еңбек саласындағы гендерлік зорлық-зомбылық пен қудалауға тыйым салуды заңнамалық тұрғыдан бекітудің және зардап шеккендерді құқықтық қорғауды күшейтудің орындылығын атап өтті.
Социологиялық зерттеу нәтижелерін алғаннан кейін Еңбекмині сарапшылары халықаралық аспектте жұмыс орнында зорлық-зомбылық пен қудалауға тыйым салуды құқықтық реттеуді зерделеу, жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен жыныстық қудалауға арналған нормалардың болуына қолданыстағы ұлттық заңнаманы талдау бойынша үлкен жұмыс атқарды. Сондай-ақ, Халықаралық еңбек ұйымының техникалық миссиясымен, әлеуметтік серіктестермен және зерттеушілермен бірқатар консультативтік іс-шаралар өткізді.
Нәтижесінде ведомство жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жоюға бағытталған бірқатар заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге, оның ішінде Еңбек кодексіне, «Кәсіподақтар туралы» заңға және «Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасы сақталуының тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтарын бекіту туралы» бірлескен бұйрыққа толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі.
Ұлттық заңнамаға № 190 Конвенцияның нормаларын имплементациялау бойынша дайындалған ұсыныстар халықаралық гуманитарлық құқық және адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттар бойынша Сыртқы істер Министрлігі жанындағы Ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысына шығарылатын болады.
Сонымен қатар, жұмыс берушілер арасында корпоративтік этика кодекстерінің мазмұнына жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен жыныстық қудалаудың алдын алуға бағытталған аспектілерді енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұл бағытта жұмысшылардың құқықтарын қорғау міндеттеріне кіретін кәсіподақ ұйымдарының белсенді қатысуымен айтарлықтай тиімділік күтіледі.
Естеріңізге сала кетейік, «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалауды жою туралы» халықаралық еңбек ұйымының №190 Конвенциясы 2019 жылғы 21 маусымда Халықаралық еңбек ұйымының 108-ші сессиясында қабылданды. Конвенция еңбек саласындағы, оның ішінде гендерлік негіздегі зорлық-зомбылық пен қудалауды тоқтатуға арналған алғашқы халықаралық шарт болды.