Еңбекмині Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны қысқартты

10 Ақпан 2022, 10:25
1299
Бөлісу:
Еңбекмині Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны қысқартты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы қаңтарда ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша берген тапсырмасын орындау үшін шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға арналған квотаны 16% - ға 23 560 бірлікке дейін қысқартты.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл тапсырманы орындау елімізде тапшылығы сезілетін тар мамандық пен бейінді мамандардан басқа  кәсіптердің барлық санаттарына қатысты.

«Квотаны бөлу туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 18 қаңтардағы №17 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» бұйрық ағымдағы жылғы 4 ақпанда қабылданды, оған сәйкес жергілікті атқарушы органдар үшін республика аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған 2022 жылға арналған квота 28 352-ден 23 560 бірлікке – 4 792 бірлікке (16%) қысқартылды.

Нәтижесінде 2022 жылы ШЖК тартуға квота мынадай түрде 4 санатқа бөлінді: бірінші санат бойынша 1 243 рұқсат (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат бойынша 6 499 рұқсат (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Рұқсаттардың негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 11 110 және 2 396 бірлік. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 2 312 адам тартылуы мүмкін.

2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында 14 932 шетелдік азамат еңбек қызметін жүзеге асырды.

Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылы жергілікті атқарушы органдар 18,2 мың бірлік мөлшерінде ШЖК тарту үшін жұмыс берушілерге рұқсаттар берді және ұзартты, бұл белгіленген квотаның 64%-ын (29,3 мың) құрады.

Өзгелердің жаңалығы