Enbek.kz-те жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінімдер қабылдау басталды

3 Қараша 2022, 10:21
1172
Бөлісу:
Enbek.kz-те  жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінімдер қабылдау басталды

Еnbek.kz электрондық еңбек биржасының порталында 2023 жылы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын ұйымдастырғысы келетін жұмыс берушілерден өтінімдерді қабылдау ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, жұмыспен қамту орталықтарымен шарт жасасу үшін құжаттарды қабылдау 2022 жылғы 1 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады.

Жұмыс берушілер өз кәсіпорындарында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары шеңберінде жұмыс орындарын, сондай-ақ әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстарға арналған жұмыс орындарын ұйымдастыра алады. Олар штатқа қосымша құрылады, ал мемлекет жұмысшылардың жалақысын толық немесе ішінара төлейді.

Шарт жасасуға өтінімді ЭЕБ-да жеке кабинетінде беруге болады. Кейінірек сол платформа арқылы қолайлы үміткерді таңдап, оны электронды еңбек шартын жасасу арқылы жұмысқа қабылдауға, сондай-ақ қабылданған қызметкердің жұмыс кестесін жұмыспен қамту орталығына жіберуге болады.

2023 жылдан бастап субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырудың барлық процесі толығымен электрондық форматқа ауыстырылатын болады.

ЭЕБ арқылы өтінім беру мүмкіндігі енгізілген сәттен бастап оны 17 мың жұмыс беруші пайдаланды, олармен 68 мың жұмыс орнын ұйымдастыру үшін 29 мың электрондық шарт жасалды.

Жалпы алғанда, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға барлық жұмыс берушілер меншік нысанына және мөлшеріне қарамастан, салық және басқа да әлеуметтік аударымдар жүргізген, жалақы бойынша берешегі жоқ және бір жылдан астам жұмыс істеген жағдайда қатыса алады.

Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысқысы келетіндер Еnbek.kz порталынан немесе жергілікті халықты жұмыспен қамту орталығынан толық ақпарат ала алады.

Өзгелердің жаңалығы