Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бүгін өткен Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, бүгінде онкологиялық аурулар бүкіл әлемде өзекті мәселеге айналған.
Соңғы 20 жылдың ішінде елде онкологиялық аурулармен аурушаңдық 25 пайызға артып, одан болатын өлім-жітім 33 пайызға төмендеді. Осындай үрдіс Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде де байқалады. Бұл елдерде салыстырма түрінде 5 жылдық өмір сүру ұзақтығының деңгейі Қазақстанмен салыстырғанда жоғары. Елімізде онкологиялық аурулар барлық аурулардың құрылымында 7-орында, өлім-жітім қанайналым жүйесі ауруларынан кейін 2-орында тұр, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар ел аумағында қанша адамның онкология бойынша бақылауға алынғанына тоқталды.
Қазіргі таңда Қазақстанда онкологиялық аурулар бойынша 205 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауда. Жыл сайын 37 мыңнан астам жаңа жағдай анықталады. Әйелдердің арасында аурушаңдық ерлермен салыстырғанда аздап жоғары: тиісінше 57 және 43 пайызға тең. Бұл аурушаңдық құрылымында бірінші орында сүт безі обыры тұр. Еңбекке қабілетті, яғни 18-64 жас аралығындағы адамдардың сырқаттануы 56 пайызды құрайды, - деді министр.