Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Еңбекке адалдық – елге қызмет

30 Қыркүйек 2025, 08:43
465
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

2025 жыл – Жұмысшы мамандықтарының жылы. Бұл бастама жай ғана ресми шешім емес, бұл – еліміздің болашағы үшін еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылардың маңызын, рөлін тереңінен ұғынуға бағытталған игі іс. BAQ.KZ тілшісі тіршіліктің сахнасынан бір сәтке де түспеген дәнекерлеуші Болатбек Аманұлымен тілдесті.

Осы орайда, біз бүгінгі мақаламызды еңбекке бар болмысымен берілген, ұрпағына үлгі, ауылына арқау бола білген бір азаматқа арнамақпыз. Ол – Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы адал еңбегімен еленген дәнекерлеуші, темірмен тілдескен шебер – Болатбек Аманұлы. 1968 жылдың шілде айында жарық дүниеге келген оның балалық шағы кеңестік кезеңнің соңғы жылдарымен тұспа-тұс келді. Әкесінің қасынан қалмай, еңбекке ерте араласты. Темірдің ыстығына, оттың жалынына шыдас беріп өскен бала болашақта қол еңбегінің қадірін терең түсінетін азаматқа айналды. Жас жігіт еңбек жолын туған жеріндегі "Пионер" совхозында дәнекерлеуші болып бастады. Бұл кәсіпті кездейсоқ таңдамаған. Өйткені ол үшін еңбек – тек нәпақа емес, ол – тәрбие, ол – мінез. Еңбек – адамды қалыптастыратын орта.

Еңбекке адалдық – елге қызмет

24 жыл бойы осы салада еңбек етіп келемін. Жұмыс ауыстырғам жоқ, қызмет қуғам жоқ. Осы ризығымды адалынан тауып келемін. Әр күннің бір жақсылығы, қуанышы бар, - дейді қарапайым, сөзге жоқ еңбек иесі.

24 жыл бойы үздіксіз бір салада, бір мекемеде еңбек етіп, адалдық пен тұрақтылықтың нақты үлгісін көрсетті. Ал 2014 жылдан бері аудандық коммуналдық кәсіпорында қызметін жалғастырып келеді. Уақыт өзгерсе де, техника жетілсе де, оның еңбекке деген көзқарасы, жауапкершілігі еш өзгерген емес.

Дәнекерлеушінің жұмысы сырт көзге аса күрделі көрінбес. Күні бойы бір нәрсені ғана шұқылауым мүмкін, бірақ өзіме ұнайды, - дейді тағы Болатбек Аманұлы.

Бірақ мұндай мамандардың күнделікті тұрмыстағы рөлі орасан. Қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында, түннің бір уағында құбыр жарылып кетсе, бірінші болып жететін – дәл осы Болатбек секілді азаматтар. Олар үшін демалыс, мейрам, түн, күн деген ұғым шартты ғана. Құбырдың бір жігі дұрыс түспесе, ол ертең-ақ жарылады. Бұл – ауылдағы ондаған, жүздеген адамның тіршілігіне тікелей әсер етеді. Міне, сондықтан да дәнекерлеуші Болатбек Аманұлы әрбір жікті аса мұқияттықпен, әрбір жұмысты жоғары жауапкершілікпен орындайды.

"Мінсіз маман", "жұмысқа мығым", "жинақы, сабырлы" деген сипаттауларды әріптестері айтып өтті.

Ақжарқын, бірақ сөзден гөрі іске жақын азамат, – дейді ауылдастары. – Еңбекқорлық пен кішіпейілділік, кәсібилік пен адамгершілік – бұл кісінің басты қасиеттері.

Болатбек Аманұлы үшін өмірлік ең басты құндылық – отбасы. 1992 жылы Айгүл есімді білім саласында еңбек етіп жүрген жанмен шаңырақ көтерді. Айгүл – тек білікті ұстаз ғана емес, болашақ ұрпақты рухани тәрбиеге баулыған жан. Балаларға білім мен тәрбиені қатар беруді мақсат еткен ұстаз – әрдайым жарынан қолдау тауып келеді.

Бұл отбасында адамгершілік пен сыйластық, еңбек пен парасат, тәрбие мен мейірім – негізгі ұстаным. Ұлдары – бірі мемлекеттік қызметте, бірі әскери салада. Келіні – денсаулық сақтау жүйесінде абыройлы қызмет атқарып жүрген медбике. Немерелері – ата мен әженің көз қуанышы, болашаққа деген сенімнің символы.

"Ұрпағыңмен мың жасайсың" деген сөз осы әулетке қарата айтылғандай.

Болатбек Аманұлы үшін еңбектің сапасы – бәрінен маңызды. Оның кәсіби принциптері – әр жұмысты соңына дейін жеткізу, қауіпсіздік техникасын бұлжытпай сақтау, металдың сапасын бақылау, дәнекердің беріктігіне көз жеткізу және уақытпен санасу. Бұл шебер үшін еңбек – ар-ождан ісі. Ауылдың суы тоқтамай, жылуы үзілмей тұрса – соның артында Болатбек Аманұлы сынды жандардың ерен еңбегі жатыр. Ол үшін қолындағы құрал – жай ғана темір емес, елге қызмет етудің құралы. Ол үшін әрбір құбыр – ел тіршілігінің күретамыры. Бүгінгі қоғамға дәл осындай еңбек адамдарының өмір жолы қажет. Себебі біз жастарға жарқыраған атақ пен атақонысты емес, маңдай термен келген табыстың қадірін, адал еңбектің шын абырой екенін үйретуіміз керек.

Болатбек Аманұлы – ешқашан сахнадан көрінбегенімен, шынайы сахна – оның еңбек орнында. Әрбір түзу жігі – оның мінезі. Әрбір дұрыс дәнекер – оның өмірлік ұстанымы.

2025 жыл – жұмысшы мамандықтарын ұлықтау жылы. Бұл – Болатбек Аманұлы сынды қарапайым, бірақ ерен еңбек иелерінің жылы. Еңбекке деген адалдық – елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі.

Мұндай адамдар қоғамның іргетасын ұстап тұрған тірек іспетті. Олар – сөзбен емес, іспен тәрбиелейтін тұлғалар. Олардың өмірі – еңбекке, адалдыққа, отбасыға деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. Болатбек Аманұлы – ұрпағына ғана емес, барша ауылдастарына, замандастарына үлгі боларлық азамат. Қарапайым еңбек иесінің болмысы – кез келген үлкен қызметтен әлдеқайда маңызды.

"Еңбегімен еленген жан – шынайы батыр" десек, Болатбек Аманұлы – сол батырлардың бірі. Елінің ертеңі үшін маңдай терін төгіп жүрген осындай азаматтар әрқашан құрметке лайық.

Өзгелердің жаңалығы