Сенат кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүргендерге үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кореяда заңсыз жүрген азаматтар көші-қон заңнамасын бұзған болып есептеледі. Мұндай жағдайлар елден шығаруға және болашақта кіруге тыйым салуға себеп болуы мүмкін. Сондықтан ережені сақтап, еңбек қызметін заңдастырған жөн, — деді вице-министр брифингте.
Оның айтуынша, қазақстандықтарға ең тиімді шешім бар. Ол – Корея аумағынан шығып, ресми еңбек бағдарламалары арқылы қайта оралу.
Министрлік заңсыз жұмыс істеп жүрген азаматтарға елден шығып, екі ел арасындағы келісім аясында заңды түрде еңбек етуге кеңес берді.
Әйтпесе, ол депортацияланып, кейін елге кіруіне шектеу қойылуы мүмкін, — деп айтты Ертаев.
Еңбекмині өкілі атап өткендей, отанына оралған азаматтарға Қазақстан тарапынан ешқандай кедергі болмайды.
Біздің азамат еліне қайтуға шешім қабылдаса, оған ешқандай тосқауыл жоқ. Ол еркін билет алып, орала алады. Бірақ Корея тарапы оның елде заңсыз болғанын тіркеп алады. Мұндай азаматтардың қайта кіру мәселесі Қазақстан мен Корея арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі, - деп түсіндірді Ертаев.
Оның айтуына қарағанда, егер азаматқа заңсыз жүргені үшін кіруге тыйым салынса, бұл мәселе екі елдің диалогы аясында қаралады.
Ертаев азаматтар енді Кореяға заңды түрде жұмыс істеуге бара алатынын еске салды. Сөзінше, ресми келісімшартпен барған азаматтардың еңбек жағдайы жақсы болады. Тіпті жалақы да жоғары болады.
Айта кетейік, бұған дейін министрлік шетелде заңды түрде еңбек ету жүйесін жетілдіру мақсатында Қазақстанда IPС (Integrated Program System) бағдарламасы іске қосылып жатқанын айтқан болатын.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар енді Қатарда да ресми жұмыс істей алатынын хабарладық.