Еліміздегі қала көшелерінде мүгедектігі бар жандардың көптігі байқалмайды. Себебі оларға дамыған мемлекеттердегідей басқа адамдармен тең жағдай жасалмаған. Пандустар болғанымен, басым көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Осы мәселе қалай шешімін тауып жатқанын BAQ.KZ тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповадан ОКҚ алаңында сұрады.
Аудит жасап, 35 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына сараптама өткізіп, сол 35 мың нысанға бейімдеу жұмыстары жүргізілу керегін әріптестеріміз 2021-2022 жылдары анықтап қойған. Биылға дейін қосымша 13 мың бейімдеу жұмыстары өтеді. 2026 жылға дейін барлығы бейімделу керек, - деді министр.
Ол сондай-ақ бұл мәселенің шешілуі бюджетке байланысты екенін айтты.
Бұрын жол картасы болғанда сол арқылы мемлекеттік бюджеттен ақша бөлініп, әлеуметтік саладағы нысандарды бейімдеу қарастырылатын. Сол кезде жұмыс жақсы жүргізілетін. Былтыр 15 қарашада Қазақстан жаңадан стандарт қабылдап, қазір соның шеңберінде жұмыс жүргізіліп отыр. Жаңадан салынған нысандарда ондай болмау керек, - деді Жақыпова.