Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңесте Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов еңбек шиеленістері мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
109 кәсіпорын мониторингте тұр. Былтыр бұл саны 259 болған. Мониторинг тұрақты түрде жүргізіледі және нақты шаралар қабылданып жатыр. Оның нәтижесінде 51 кәсіпорында шиеленіске жібермей, проблемалар шешілді, - деді ол.
Жыл басынан бері жұмысшыларға 1 млрд теңгеден астам жалақы қарыздары өтелді. 8 мың адамның құқығы қорғалды.
Еңбек даулары тұрақты бақылауда. Шиеленістерді болдырмау үшін әкімдерге жүйелі шараларды қабылдау тапсырылды. Мұнай-газ кәсіпорындары шоғырланған батыс өңірлеріне Үкімет ерекше көңіл бөліп отыр. Кейбір кәсіпорындарда тәуекелдер сақталып отыр. Сондықтан бұл мәселені «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» компаниялары бұл мәселелерді кешенді түрде қарастырып жатыр, - деп түсіндірді Алтай Көлгінов кеңесте.
Оларға сервистік қызмет көрсететін компаниялар жұмысшылар үшін бір жылдық еңбек шарттарын 3 жылға созу мәселелерін қарастыру тапсырылды.
Еске сала кетейік, осыған дейін Президент Батыс жастарының бәрі мұнайшы болуға ұмтылуы дұрыс еместігін айтты. Тоқаев еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құру керектігін де айтты.