«Еңбек» бағдарламасы арқылы 110 мың адам кәсібін дамытуға мүмкіндік алды

22 Сәуір 2021, 11:34
1855
Бөлісу:
«Еңбек» бағдарламасы арқылы 110 мың адам кәсібін дамытуға мүмкіндік алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының музейінде өтіп жатқан «Мемлекет, бизнес және КЕҰ: тұрақты даму мақсатындағы бірлік пен серіктестіктің 30 жылдығы» атты бірінші әлеуметтік жобалар форумында айтты.

Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында біздің басты мақсатымыз әлеуметтік қауіпсіздік пен азаматтарымыздың әл-ауқаты, бұл қоғам тұрақтылығының ең үздік кепілі екенін атап көрсетті. Осы стратегиялық мақсатқа қол жеткізу, яғни елдегі әлеуметтік тұрақтылықты, экологиялық қауіпсіздікті, экономикалық тұтастықты сақтап қалу үшін ең бірінші мемлекет және аталған тараптар тиісті шараларын қабылдап жатыр, - деді ол.

Көшербаевтың сөзінше, мемлекет пен бизнестің және азаматтық қоғам арасындағы қарым-қатынасты дамыту орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ол даму мақсаттары 3 басты бағытқа негізделген. Бұл - халықтың әл-ауқаты. Ол әсіресе пандемия кезінде өзекті болды. Екінші – сапалы білім беру. Үшінші – әділ әлеуметтік саясат.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында билік пен халық арасындағы диалог туралы айтқан болатын. Сондай-ақ 2025 жылға қарай халықтың өмір сапасы мен әл-ауқаты 2019 жылмен салыстырғанда 27%-ға өсуі керек. Мемлекет қызмет, жергілікті өзін-өзі басқару, бизнесті дамыту, сот реформасы бойынша әр түрлі жобалар басталып жатыр. Сонымен қатар қазіргі кезде Әлеуметтік Кодекс әзірленіп жатыр. Мұның бәрі 2025 жылы ел экономикасының 5%-ға өсуіне алып келеді, - деп түсіндірді Мемлекеттік хатшы.

Қырымбек Көшербаев айтқандай, індет кезінде табысынан айырылғандар саны көбейді.

Пандемия кезінде өзінің жұмысынан, кірісінен айырылған адамдар саны көбейді. 2020 жылы төртінші тоқсанда 0,8%-ға өскен болатын. Кедейлік деңгейі Түркістан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында көрініс берді. Осы ретте «Жұмыспен қамтудың» жол картасы аясында «Еңбек» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама бойынша 110 мың адам кәсібін дамытуға жеңілдіктер, гранттар, микрокредиттер алған болатын. Сондай-ақ 42 мың тұрақты жұмыс орындары қалыптасты, - деп атап өтті ол форумда.

Еске сала кетейік, әлеуметтік жобалар форумы бүгін және ертең www.fsp-fnn.kz сайтында онлайн форматта өтеді.

Өзгелердің жаңалығы