Ең төменгі жалақыны айқындау әдістемесі әзірленді

9 Маусым 2023, 10:18
881
Бөлісу:
Ең төменгі жалақыны айқындау әдістемесі әзірленді
Фото: - архив

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесіп Ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесінің жобасын дайындады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ең төменгі жалақы мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалатын болады.

Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында динамикалық тәсілге негізделген және негізгі экономикалық көрсеткіштерді ескеретін ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесін енгізуді тапсырды.

Осы тапсырманы орындау мақсатында Еңбекмині Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесіп халықаралық тәжірибеге талдау жүргізді, ол ЕТЖ белгілеу бойынша неғұрлым кең таралған үш тәсілдің бар екендігін көрсетті:

- бірыңғай ұлттық ЕТЖ (Франция, Германия, Испания);

- өңірлер, салалар және кәсіпорындар бойынша ЕТЖ сараланған мөлшері; (Финляндия, Жапония, Бельгия);

- әр түрлі санаттағы қызметкерлерге арналған ЕТЖ (Ұлыбритания, Дания).

Бүгінгі таңда ЕТЖ Халықаралық еңбек ұйымына мүше елдердің 90%-дан астамында бар, ол оның мөлшерінің пара-парлығын бағалау үшін Кейц индексін (заңмен белгіленген ЕТЖ медианалық жалақыға қатынасы) пайдалануды ұсынады. ХЕҰ ұсыныстарына сәйкес Кейц индексі 50% деңгейінде болуы керек. Бұл ретте әлемнің дамыған елдерінде ол шамамен 55%-ды, ал дамушы елдерде шамамен 67%.

Қазақстанда ЕТЖ ең төменгі әлеуметтік стандарттарға жатады және жыл сайын «Республикалық бюджет туралы» заңмен белгіленеді. Ең төменгі жалақы қосымша төлемдер мен жәрдемақыларды, өтемақы мен әлеуметтік төлемдерді, сыйлықақыларды және басқа ынталандырушы төлемдерді қамтымайды.

2008 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңде ЕТЖ мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінде белгіленді және жыл сайын инфляция деңгейіне индекстелді. 2019 жылы ЕТЖ мөлшерін 1,5 есе – 28 284 теңгеден 42 500 теңгеге дейін арттыру жүргізілді. Биыл ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.

Бұл ретте жоғарыда көрсетілген ЕТЖ-ны арттыру медианалық жалақының шамасын есепке алмай жүргізілді.

Халықаралық тәжірибені, сондай-ақ ел экономикасы құрылымының ерекшеліктерін ескере отырып, Еңбекмині Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесіп, медианалық жалақы мен еңбек өнімділігінің арақатынасын ескеретін ЕТЖ анықтау әдістемесінің (бұдан әрі – Әдістеме) жобасы әзірленді. Бұл жұмыскерлердің табыстары мен өндірілетін тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемі арасында нақты өзара байланыс орнатуға, сондай-ақ ЕТЖ мөлшерін ХЕҰ ұсынымына жақындатуға мүмкіндік береді.

ЕТЖ мөлшерін анықтау үшін медианалық жалақы мен еңбек өнімділігін пайдалану жеткіліктілік пен төлем қабілеттілігі негізінде теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жеткіліктілік – бұл қызметкерлерді олардың еңбегі үшін әділ және барабар табыспен қамтамасыз ету. Төлем қабілеттілігі – бұл жұмыс берушілердің өз еңбек шығындарын кәсіпорынның қызметкерлерін жалдауы мен бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етпейтін деңгейде ұстап тұру мүмкіндігі, – деп түсіндірді Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Данат Нәбиев.

ЕТЖ деңгейі ұсынылған тәсілге сәйкес айқындалатын болады және құрамына ҚР Үкіметінің, республикалық кәсіподақтар бірлестіктерінің, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының) және сараптамалық қоғамдастықтың өкілетті өкілдері кіретін әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның қарауына енгізіледі.

ЕХӘҚМ мен Дүниежүзілік банктің бірлескен жұмысының нәтижелері мүдделі мемлекеттік органдар мен әлеуметтік әріптестер өкілдерінің, сондай-ақ еңбекақы төлеу саласындағы сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстелдер шеңберінде ұсынылды және егжей-тегжейлі талқыланды және көпшілік қолдады.

Әдістемені заңнамалық тұрғыдан бекіту үшін Еңбекмині қазіргі уақытта Еңбек кодексіне түзетулер дайындап, мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберді.

Өзгелердің жаңалығы