«Ең қиыны – жүйелі дайындалу»: Олимпиада жүлдегері Алихан Әшірханов жеңіске жету жолын айтты

Халықаралық олимпиада жүлдегері Алихан Әшірханов Ақордада Мемлекет басшысымен жүздесіп, 4,3 млн теңге сыйақыға ие болды.

 Ақорданың баспасөз қызметі 25 Тамыз 2026, 16:17
25 Тамыз 2026, 16:17
289
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Биыл қазақстандық оқушылар халықаралық аренада феноменалды нәтижелер көрсетті. Маусым қорытындысы бойынша ел құрамалары 28 медаль еншілеп, Қазақстан әлемнің ең үздік 22 елінің қатарына енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Ақордада қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Салтанатты кездесуге физика, химия, биология, математика, информатика, география және лингвистика бағыттары бойынша ел намысын қорғаған 21 лауреат шақырылды.

Президент қабылдаған жас дарындардың бірі – Алматы қаласы Білім басқармасының мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Алихан Әшірханов. Ол биологиядан халықаралық олимпиадада (IBO) жоғары дайындық пен білім тереңдігін көрсетіп, күміс медаль еншіледі.

Жаһандық бәйгедегі жеңіс: Төзімділік пен жүйеліліктің нәтижесі

Биологиядан халықаралық олимпиада (IBO) – әлемнің ең үздік жас биологтары бақ сынайтын, теориялық біліммен қатар күрделі зертханалық практикумдарды талап ететін дүбірлі дода. Жүзден жүйрік шығып, ел қоржынына күміс жүлде салып қайтқан Алихан үшін бұл бәсеке оңайға соққан жоқ. Оның сөзінше, мұндай нәтиже жылдар бойы үздіксіз ізденістің, зертханадағы сағаттап жасалған тәжірибелер мен табанды еңбектің жемісі.

3 жылдық еңбегімнің ақталғанына өте қуаныштымын. 7-сыныптан бері биологияны оқып келемін, бұл жолдағы ең басты қиындық – жүйелілік пен тұрақтылықты сақтау болды, – деді жас дарын.

Алиханның сөзінше, халықаралық олимпиадада ең қиын сынақ практикалық кезең болды. Бұл кезеңде қатысушылар 8 сағаттың ішінде 4 түрлі практикалық тапсырмалар орындады. 

Халықаралық деңгейдегі жеңістердің артында елде қалыптасқан жүйелі қолдау тұр. Қазақстанда дарынды оқушыларды анықтау мектеп кезеңінен басталып, республикалық және халықаралық деңгейге дейін созылады. 2025-2026 оқу жылында 1,6 миллионға жуық оқушы 80-нен астам республикалық зияткерлік жарысқа қатысса, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы оларды оқу-жаттығу жиындары арқылы шыңдап келеді.

Фото: «Дарын» РҒПО

Ақорда төріндегі толқыныс және болашақ ғалымның арманы

Ақордадағы кездесуде Мемлекет басшысы жастардың білімге құштарлығы мен қайсарлығы еліміздің басты капиталы екенін айтты. Алихан Әшірханов үшін де Президентпен жүздесу ерекше толқыныс пен жаңа серпін сыйлаған сәт болды.

Қуанышымда шек болмады. Ақорданың төрінде Мемлекет басшысымен жүздесіп, қол алысу осыған дейін орындалмас арман сияқты көрінетін. Бірақ бұл сәт біз үшін шындыққа айналып, Президентпен кездесу мүмкіндігі туды, – деді ол.

Бұл жеңіс Алиханға үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Ол болашақта елдің дамуына үлес қосатын мықты маман болғысы келетінін айтып, армандарымен бөлісті.

Болашақ мамандық туралы әлі нақты шешім қабылдаған жоқпын. Бірақ арманым – шетелдік алдыңғы қатарлы оқу орнына түсіп, биология бағытында ғалым болып, отандық ғылымға өз үлесімді тигізу, – деді Алихан.

Бүгінде халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетіледі. Күміс медаль иеленген Алиханға 1000 АЕК, 4 325 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы, отандық ЖОО-ларға конкурстан тыс грантқа түсу мүмкіндігі берілді. Сонымен қатар оны дайындаған ұстаздары да материалдық ынталандыруға ие болды.

Ғылым мен медицина, биотехнология саласы қарқынды дамып жатқан заманда Алихан сияқты жас дарындардың халықаралық дәрежедегі жетістігі – ел болашағының берік кепілі.

Ол өзінен кейінгі жас буынға үнемі ізденісте болып, білім жолында тынбай еңбек етуді кеңес етті.

Халықаралық олимпиадада бақ сынап, топ жарған оқушылардың жеңісі – тек жеке жетістік емес, отандық жастардың ғылымдағы әлеуетін көрсететін айқын дәлел. Мемлекет пен ұстаздардың қолдауына сүйенген мұндай дарынды жастар ертең-ақ ел ғылымын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен тәлімгерлерін марапаттады.

Кездесуде Президент жастарға табанды еңбек кез келген уақытта табысқа жетелейтінін айтты

Тағы оқи отырыңыз: «Көптеген елде жоқ қолдау Қазақстанда бар» – Химиядан халықаралық олимпиада жүлдегері Аңсар 

Наверх