Денсаулық сақтау жүйесін ең нашар сценарийге дайындап жатырмыз – ДСМ

30 Шілде 2020, 18:53
1554
Бөлісу:
Денсаулық сақтау жүйесін ең нашар сценарийге дайындап жатырмыз – ДСМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында мәлімдеді.

Денсаулық сақтау жүйесі бір орында тұрған жоқ, ол қосымша орындар ашып, дайындалып жатыр. Қоймаларда қажетті дәрі-дәрмек қоры артуда. Елдегі зертханалардың қуаттылығы 64 мыңға дейін кеңейді. Медициналық ұйымдарда оттегіге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында өкпені жасанды желдету аппараттары сатып алынып жатыр. Яғни, біз денсаулық сақтау жүйесін ең нашар сценарийге дайындаудамыз. Алайда, мұндай жағдай болмайды деп үміттенеміз. Бірақ, егер қиын жағдай орын алса, денсаулық сақтау жүйесі дайын болуы керек. Біз қазір бұл бағыттағы жұмыстарды әр өңірде нақты жүргізіп жатырмыз, - деді ол.
Бұған дейін Алексей Цой елімізде коронавирусқа байланысты сырқаттанушылық деңгейі төмендеп келе жатқанын айтты. 

Ауруханаларда жататын орындардың қолдану деңгейі 90 пайыздан 40 пайызға төмендеді. Осыған байланысты 7 өңірде қосымша 15 провизорлық стационар жабылғаны да мәлім болды.

Еске сала кетейік, Қазақстанда карантин тағы екі аптаға ұзартылды. Сонымен қатар, елдің тұрғындарына көшеде, қоғамдық орындарда бетперде тағу міндеттелді. Міндетті маска тағу туралы бұйрық ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді. Егер жеке және заңды тұлғалар тиісті нормаларды орындамаса айыппұл төлейді.


Өзгелердің жаңалығы