Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 15 қыркүйекте Қазақстанда халықты емханаға тіркеу науқаны басталды. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі кампания екі айға созылмақ. Биыл тіркеу eGov электрондық үкімет веб-порталы арқылы жүргізіледі. Тіркелу үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет.
Бұл туралы бүгін Алматы әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев айтты.
Оның айтуынша, тіркеу процесінің автоматтандырылуы азаматтарды емханаға «сырттай» тіркеу фактілерінің алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар, еркін таңдау принципі бойынша азамат өзі тұрып жатқан бір әкімшілік бірлік аумағындағы емдеу мекемесінің біріне тіркеле алады. Облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда бір аудан ішіндегі емхананы таңдауға болады.
«Бұрынғы тәртіп бойынша емхана таңдауда аумақтық шектеу қойылмайтын. Бұл пациенттерге үйде көмек көрсету жағынан көптеген қиындық тудырды. Тұрғылықты жеріндегі емханаға емес, басқа жердегі клиникаға тіркелген адамдардың әсіресе, жүкті әйелдер мен жаңа туған балаларға үйге барып қызмет көрсету дәрігерлердің жұмысын қиындатып жіберді. Соған байланысты, нормативтік базаға өзгерістер енгізілді», - деп түсіндірді филиал басшысы.
Тіркеу барысында отбасылық принципке басымдық берілмек. Яғни, ата-анасы да, балалары да бір емханаға тіркелгені жөн. Ал, 18 жасқа толмағандарды баланың заңды өкілі тіркей алады.
Емхана өзі қызмет көрсететін аймақтан тыс жерде тұратын азаматтарды, сондай-ақ, бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін мекеме жүктемесі шектен асып кеткен жағдайда тіркеуден бас тартуы мүмкін. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес, учаскедегі жалпы практика дәрігері қарайтын пациенттер саны 1700-ден аспауы тиіс. Қазір елімізде учаскелерді шағындап, қайта ұйымдастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл дәрігерге түсетін жүктемені азайтып, қызмет сапасын арттырады. Себебі, дәрігер алдына келген адамға көбірек уақыт бөліп, мұқият тексеруі тиіс. Бұл мәселенің әсіресе, медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қарсаңында өзектілігі артып отырғаны сөзсіз.
«Денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселенің бірі бастапқы медициналық-санитариялық көмектің рөлін күшейтіп, халықты жақын маңдағы қолжетімді учаскелермен (жалпы практика дәрігері) қамтамасыз ету. Қазіргі таңда қалада жоспарланған 88 учаскенің орнына 131 учаске ашылды. Сонымен учаскелердің жалпы саны 895-ке жетті. Нәтижесінде бір дәрігердің жүктемесі 1529 адамға дейін қысқарды», - деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы бастығының орынбасары Әсел Бисенбаева.
Естеріңізге сала кетсек, азаматтар емхананы тіркеу науқанынан басқа уақытта да ауыстыра алады. Яғни, басқа жерге қоныс аударған жағдайда жылына бір рет, емдеу мекемесі қайта құрылса немесе Қормен келісімшартты бұзған жағдайда басқа емдеу мекемесіне тіркелуге болады.
Сонымен қатар, елімізде тұратын әр тұрғын жылына бір рет өзі тұратын аумақтық бірлік шеңберінде емхана ауыстыра алады.