Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-де өткен онлайн баспасөз конференциясы кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты.
Қазақстанда 15 қыркүйектен бастап халықты медициналық-санитариялық көмек беретін ұйымдарға тіркеу науқаны басталды. Ол 2 айға жалғасады, - деді ол.
Қожахметов халықты тұрғылықты мекен жайы бойынша орталықтарға тіркелуді сұрады.
Емханалар денсаулық сақтау жүйесіне енудің жолы екенін білесіздер. Сондықтан алдағы екі айда азаматтарымыз өздерінің тұрғылықты жері бойынша емханаларды таңдай алады. Мейлінше, тұрғылықты жерге жақын жерден таңдау жасауға кеңес береміз. Өйткені емханаға тіркелген науқастарды медицина мамандары үнемі қадағалап, тіпті үйіне барып қызмет көрсетуі ыңғайлы болады. Әсіресе, бұл тәжірибе пандемия жағдайында аса маңызды, - деді ол брифингте.Айта кетейік, медициналық мекемелерге тіркеу 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін созылады. Бұған дейін Қожахметов соңғы тәулікте Шымкентте вирус жұқтырған науқас тіркелмегенін мәлімдеді.