Эмир Байғазиннің "Өзен" фильмі прокатқа шығады

27 Наурыз 2019, 11:33
2136
Бөлісу:
Эмир Байғазиннің "Өзен" фильмі прокатқа шығады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл наурыздың 28 күні 75-ші Венеция кинофестивалі жүлдегерлерінің бірі, режиссер Эмир Байғазин түсірген  Аслан туралы трилогияның соңғы бөлімі – "Өзен" фильмі шектеулі прокатқа шығады.

Аталған көркем фильм өркениеттен алыс жерде тұратын, қаладан келген қонақтан кейін өмірлері күрт өзгере бастаған бес ағайынды туралы баяндайды.

Естеріңізге сала кетсек, «Өзен» фильмінің әлемдік тұсаукесері Венеция кинофестивалі шеңберінде өткен болатын. Бұл фестивальдің «Көкжиектер» бағдарламасында Эмир Байғазин үздік режиссер (Best Director) атанды. 

Сондай-ақ кино тақырыбында жазатын әлемнің белді бұқаралық ақпарат құралдары аталған кинотуынды жайында жақсы пікірде жарыса жазды. Ал фильмнің Солтүстік Америкадағы тұсаукесері биыл қыркүйек айында Халықаралық Торонто кинофестивалі аясында өтті. Кинотуынды фестивальдің «Тұғырнама» («Платформа») конкурстық бағдарламасында  көрсетіліп, қазылар алқасының құрметті аталымына және Screen Daily тәуелсіз киносыншылардың рейтингісі тізімінде алдынғы қатардан көрінді. Жыл сайын өтетін 12-ші Asia Pacific Screen Awards салтанатында «Өзен» фильмі «Режиссурадағы табысы үшін» сыйлығымен марапатталды. 

Фильмнің азиялық тұсаукесері Токио кинофестивалінің конкурстық бағдарламасы аясынды өтті. Ал Лос-Анджелестегі Asian World Film Festival кинофестивалінде «Өзен» фильмі қазылар алқасының жүлдесіне – «нағыз кино тілімен бейнеленген көңіліңді бірден баурап алатын фильм» жүлдесіне ие болды. Одан бөлек, Эмир Байғазин Голливудтың шетел баспасөзі қауымдастығының грантына («Алтын Глобус») ие болды.

"Өзен" фильмі Роттердам, Гетоборг, Варшава сынды ірі фестивальдердің ресми бағдарламаларының шеңберінде көрсетілгені туралы айта кеткен жөн.

 Фильмнің жарыққа шығуына бірнеше мемлекеттер атсалысты. Олар: Қазақстан (ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, Emir Baigazin Production), Норвегия (Norsk Filmproduksjon) және Польша (Madants). 

 Айта кетсек, Эмир Байғазин «Өзен» фильмінде режиссер ғана емес, сондай-ақ сценарий авторы, қоюшы оператор, бас продюсер міндетін атқарды. Тіпті, бұл фильмнің монтажын да өзі жасаған.


Өзгелердің жаңалығы