Емханаға қалай тіркелуге болады?

16 Қыркүйек 2021, 19:01
14661
Бөлісу:
Емханаға қалай тіркелуге болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров хабарлады. 

Оның айтуынша, азаматтардың емханаға тіркелуі өте маңызды.

Өйткені міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтер осы емханалар арқылы ұсынылады.

Емханаға тіркелу жолдары өзгерген жоқ. Оның 2 түрлі тәсілі бар. Біріншісі, «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркеу» қызметін пайдалану арқылы. Сондай-ақ екіншісі, емханаға барып өтініш жазу арқылы тіркелу, - деп атап өтті Нұрлыбек Қабдықапаров.
Айта кететін жайт, екінші тәсілді зейнеткерлер, мүгедектер, бала кезден мүгедек азаматтардың қамқоршылары, түрмеде жазасын өтеп жатқандар, студенттер, әскери борышын өтеп жатқандар, шетелде туған балалар мен сенімхат арқылы тіркелетін азаматтар пайдалана алады. Емхана қызметкерлері «Тіркелген тұрғындар регистрі» ақпараттық жүйесі арқылы тіркеуге өтініш береді.

Ал тіркеу egov.kz порталы арқылы жүргізілетін болса, авторландырудан өтіп, электронды өтініш қалдыру қажет. Қызметтің нәтижесі өтініш берушінің жеке кабинетіне жіберіледі.

Егер сізде медициналық қызметтерді алуға байланысты сұрақтар туындаған жағдайда, Қордың ресми кері байланыс арналары - 1406 байланыс орталығы, «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы, Қордың www.fms.kz сайты, Telegram-дағы Saqtandyry-bot арқылы өтініш қалдырсаңыз жеткілікті.

Естеріңізге сала кетейік, тіркеу науқанына қордың мәліметтер базасына енген емдеу мекемелері ғана қатысады. Олардың толық тізімі Медициналық сақтандыру қорының www.fms.kz ресми сайтында қолжетімді.

Өзгелердің жаңалығы