Бүгін Корея Республикасының Қазақстандағы елшілігі елордалық жастарға бағыт-бағдар беріп, жол көрсететін ерекше кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шарада еліміздегі этникалық корейлер, атап айтқанда, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Мәжіліс депутаты Вера Ким және Республикалық мемлекеттік академиялық корей театрының директоры Елена Ким өз тәжірибелерін жастарға айтып, болашаққа бағыт-бағдар көрсетті.
Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг Сок ең алдымен іс-шараға жиналған жастарға алғысын білдірді. Дипломат атап өткендей, биыл Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толып отыр.
Сонымен қатар корейлердің Қазақстанға қоныстанғанына биыл 85 жыл толып отыр. Осындай мәнді де мағыналы жыл соңында осы алтын уақытымызды корей қоғамының көшбасшыларымен және болашақта көшбасшы болуды армандайтын ұрпақпен өткізіп отырғаныма өте қуаныштымын. Этникалық корейлер Корея мен Қазақстан арасындағы байланыстырушы дәнекер және көпір екенін, сондай-ақ елдеріміз арасындағы қарым-қатынаста өте маңызды рөл атқаратынын үнемі айтып келемін. Кореядағы отандастарым Қазақстанға қоныстанған этникалық ағайындарының қазақ қоғамының бір бөлігі ретінде өзге ұлт өкілдерімен тең дәрежеде толыққанды дамып келе жатқанын мақтан тұтады. Десе де этникалық корейлердің 85 жыл бойы корей мәдениетін сақтап, дамытып келе жатқанына үлкен құрметпен қарап, алғыс айтқым келеді, - деді Ку Хонг Сок.
Ол Президент Тоқаев былтыр Кореяға сапар жасағанын атап өтті. Оның сөзінше, ел Президентінің осы сапары корейліктерге Қазақстандағы этникалық корейлердің сезімдерін жақсырақ түсінуге және бөлісуге мүмкіндік берген.
Бұл сапар Корей үкіметінің пандемиядан кейінгі алғашқы мемлекеттік қабылдауы ғана емес, сонымен бірге үлкен мәнге ие болған кездесу болды. Өйткені сапар барысында біз отанымызға Қазақстандағы корей қауымдастығының рухани көшбасшысы генерал Хон Бомдоның сүйегін Отанымызға қайтардық, - деп айтты елші жиында.