Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Эфиопиядағы ҚР елшісі Барлыбай Садықовтың Эфиопия президенті Сахлеворк Зевде ханымға сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың жағдайы мен болашағы талқыланды. Тараптар екі ел арасында қалыптасқан қарым-қатынастардың достық және сындарлы сипатын атап өтіп, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілік танытты.
Елші Барлыбай Садықов сұхбаттасушыны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының негізгі мазмұнымен, елдің ішкі және сыртқы саясатының басым бағыттарымен, екіжақты саяси және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі ұсыныстармен таныстырды.
Өз кезегінде, Эфиопия президенті Сахлеворк Зевде Қазақстанды Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылған табысты саяси және экономикалық өзгерістермен құттықтады.
БҰҰ-да бірлескен жұмыс бойынша жеке өзі білетін жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен белгіленген мақсаттар мен міндеттердің табысты жүзеге асырылуына сенім білдірді. Сахлеворк Зевде, сондай-ақ өзара іс-қимылдың барлық саласында эфиопиялық тараптың Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға деген ықыласын білдірді және осы қызметке тұрақты қолдау көрсететініне сендірді.
Қазақстан Республикасы мен Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 2011 жылғы 5 қыркүйекте ноталар алмасу жолымен белгіленген.
Эфиопиямен саяси және экономикалық байланыстар одан әрі дамып келеді. Қарым-қатынас бағыттары пысықталуда, ынтымақтастықтың түрлі салаларындағы ортақ мүдделерді іздеу жұмысы өте табысты және қарқынды жүріп жатыр.
2018 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 86,4 мың АҚШ долларын құрады (экспорт – 0,4 мың АҚШ доллары, импорт – 86 мың АҚШ доллары). Эфиопияға тегіс темір, легірленген және легірленбеген, тот баспайтын болат импортталады. Қазақстанға гүлдер, кофе, тері және басқа да тауарлар импортталады.