Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 16 сәуірде ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Парламент Мәжілісінің депутаттары Александр Милютин мен Жамбыл Ахметбековті бас қаладағы Астана контрреттегішінің жұмысымен таныстырды. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
Юрий Ильин Астана контрреттегішінің ағымдағы кезеңдегі жұмысы туралы айтты. Оның сөзінше, контрреттегіш ұзындығы 31 шақырым қорғаныс бөгетін қамтиды және 450 млн екше метр дейінгі көлемдегі тасқын суды уақытша ұстай алады.
Министр қазіргі уақытта контрреттегіште Астана су қоймасынан тасталған 56 млн.текше метр тасқын су жинақталғанын хабарлады.
Сондай-ақ, ол өзен арналарын тазарту, қорғаныс бөгеттерін нығайту, апаттық Гидротехникалық құрылыстарды жөндеу бойынша кешенді шараларды орындау үшін қосымша қаражат қажет екенін атап өтті. Өз кезегінде Александр Милютин Парламентте су тасқынына қарсы іс-шараларға бюджет қаражатын бөлу мәселесін көтеретінін айтты.
Кездесу барысында депутаттар Аршалы ауданының Жібек Жолы кентіне барды. Онда Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев пен вице-министр Марат Күлдіков кенттің су басқан учаскелерінде өткізілген су тасқынына қарсы іс-шараларды таныстарды.
Ақмола облысының 52859 әскери бөлімі мен ТЖД жеке құрамымен Жібек Жолы кентінің айналасында екі шақырымдық үйінді бекітілімді нығайту бойынша жұмыстар жалғасуда, 1000-нан астам инертті материалы бар қаптар дайындалды, оның 700-ге жуығы төселді. Қазір жағдай тұрақтанды. Аула аумағынан еріген су сорып шығарылды.
Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Мәжіліс депутаттарымен бірге су тасқыны жағдайын аэровизуалды зерттеу және мониторингілеу мақсатында елорданың шекара маңындағы аумақтарын әуеден шолып шықты.
Ұшу барысында депутаттар 42-разъезд, Қоянды, Талапкер, Қараөткел, Қаражар Жібек Жолы және Қосшы елді мекендерінің аумақтарын әуеден бақылады.
Бақылау кезінде қардың еру процесі тұрақты жүріп жатқаны байқалды. Су шайған аймақтар жоқ. Тәулік бойы космомониторинг жүргізу жалғасуда. Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының кейбір өзен аумақтарында сең жүру үдерісі басталды.
Сондай-ақ Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының су қоймаларында су жинауға қажетті орындар әзірленуде.