Астананың коммуналдық қызметтері қаланы қар мен мұздан тазартып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елорданың коммуналдық қызметі тәулік бойы күшейтілген режимде қала көшелерінің қары мен мұзын күреу жұмысын жалғастыруда. Күн сайын шамамен бір-екі мың жол жұмысшысы шығады.
2 наурыздан 3 наурызға қараған түні елордадан 15 мың текше метрден астам қар немесе 683 рейс шығарылды. Жұма күні таңертең қар күреу және көктайғақты болдырмау мақсатында 1,5 мыңнан астам жол жұмысшысы мен мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды, - деп жазылған хабарламада.
Ауа райының тұрақсыздығына, температураның өзгеруіне және қатты жауын-шашынға байланысты көшеде көктайғақ пайда болады. Азаматтардың ыңғайлы қозғалысы үшін жолдарға, тротуарларға, көшелерге құм-тұз қоспасы себіледі. Сол сияқты елорда тұрғындары мен қонақтары көктайғақ кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтап, абай болуы керек.
Қыс мезгілінің басынан бері қаладан 3,7 млн текше метрге жуық қар немесе 295 мыңға жуық рейс шығарылды.