Елорданың әкімшілік соты 100 млрд теңгеге инвесторлардың құқығын қорғады

Бүгiн, 15:17
124
Бөлісу:
Елорданың әкімшілік соты 100 млрд теңгеге инвесторлардың құқығын қорғады
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Жоғарғы сот ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетімен және Қазақстанның Еуропалық бизнес қауымдастығымен (EUROBAK) бірлесіп, "Инвесторлардың құқықтарын қорғау: әкімшілік және сот практикасы" инвестициялық форумын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оған Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, Еуропалық Одақтың ҚР істері жөніндегі уақытша сенімді өкілі Мачей Мадалински, ЖС судьялары, мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың өкілдері және инвесторлар қатысты.

Асламбек Мерғалиев инвестициялық форумды аша отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Жолдауында инвестициялық ахуал мен бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. 

Бұны және тұрақты сот практикасын қамтамасыз етудегі маңызды қадам әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік актілердің біркелкі болуы керектігі атап өтілді.

Соңғы 2,5 жылда елорданың әкімшілік сотына 288 талап қою, ал 2024 жылы – 152, яғни, соңғы 2,5 жылдағы талап қоюлардың жартысынан көбі келіп түскен.

2024 жылы елорданың әкімшілік соты шамамен 100 миллиард теңгеге инвесторлардың құқығын қорғап, сот шешімдерінің үштен бірінде лауазымды тұлғаларға қатысты жеке ұйғарым шығарып, бір миллион теңгеге жуық ақшалай айыппұл салғаны айтылды.

Бұл ретте бизнес пен инвесторлардың адалдық танытып, заң талаптарын сақтау қажеттігі атап өтілді.

Форум құқық қолдану практикасын және Қазақстанға инвестиция тарту шарттарын жетілдіру бойынша ұсыныстарды талқылау және әзірлеу үшін маңызды алаң болды.

Әкімшілік практикада инвесторлардың құқықтарын қорғау механизмін әзірлеуге және инвестициялық дауларды тиімді шешу үшін жағдай жасауға баса назар аударылды.

Өзгелердің жаңалығы