Елорданың он мыңға жуық педагогі қашықтан оқытудың онлайн курсынан өтеді

20 Шілде 2020, 12:21
1683
Бөлісу:
Елорданың он мыңға жуық педагогі қашықтан оқытудың онлайн курсынан өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова қала әкімдігінің Фейсбуктегі парақшасында жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы өткен тікелей эфир барысында мәлімдеді.

Қазіргі таңда сіздерді, жалпы барлық ата-аналарды алаңдатып отырған сұрақтың бірі - алдағы қашықтан оқытудың қалай өтетіні екенін түсініп отырмыз. Бұл орынды. Қашықтан оқыту үшін ең алдымен, педагогтар мен оқушылардың компьютер және интернетпен қамтамасыз етілуі маңызды. Педагогтер мен оқушылардың компьютер мен интернетке қажеттілігіне мониторинг жүргізілді. Қажетті құралдар сатып алынады. Бұл ретте техниканы қажет ететін аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар міндетті түрде компьютер және роутермен қамтамасыз етілмек, - деді ол.
Басқарма басшысы эфир барысында Астанадағы мұғалімдердің "Қашықтан оқытуды үйренемін" атты онлайн-курстан өтетінін айтты.
Тамыз айынан бастап 9958 білім ұйымының педагогтары Назарбаев зияткерлік мектептерінің "Педагогикалық шеберлік орталығы" әзірлеген "Қашықтан оқытуды үйренемін" атты онлайн-курсты оқиды. Курс 5 модульден тұрады. ("қашықтан оқыту ерекшеліктері", "оқуға тарту", "ақпараттық-техникалық құралдар", "кәсіби ынтымақтастық" және "ата-аналарды педагогикалық қолдау"). Курс ұзақтығы – 40 академиялық сағат. Өткізу форматы – асинхронды. Бұл тыңдаушыларға өз бетінше оқудың уақыты мен қарқынын таңдауға мүмкіндік береді, - деді Шолпан Қадырова.
Сонымен қатар, ол Нұр-Сұлтан қаласының білім беруді жаңғырту орталығы тамыз айының бірінші және екінші аптасында "Цифрлық педагогика: оқыту және тәжірибе" тақырыбында онлайн-оқыту өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Бұл оқытумен 12 480 педагог қамтылады.





Өзгелердің жаңалығы