Елорданы дамытудың 3 бағыты

22 Қараша 2021, 20:25
1126
Бөлісу:
Елорданы дамытудың 3 бағыты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары әртүрлі әлеуметтік топтарды ескере отырып жасалған елорданы дамытудың әлеуметтік-экономикалық стратегиясы. 

Бұл жоспар 3 негізгі бағыт бойынша іске асады. Олар: 1.  Адамдар үшін жайлы қала; 2. Қоршаған ортасы тұрақты қала; 3. Белсенді өмір салты бар салауатты қала. 

Осы жоспарға сәйкес қала ең алдымен адам үшін ыңғайлы болуы керек. Халықтың қажеттілігі, оның ішінде - қоғамдық кеңістіктерге, веложолдарға, жаяу жүргіншілер аймақтарына, қарапайым ғана саябақтарға, скверлерге, əлеуметтік және басқа да тіршілік ету нысандарына қажеттілік өсуіне байланыста олардың да санын көбейту жұмыстары жүргізілуде. Қала тұрақты, сау және экологиялық таза болуы керек.  

Сонымен қатар, «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында елорда аудандандарын орталықтандыру жұмыстары да жүргізілуде. Бұл білім беру, медицина объектілері, әлеуметтік тұрғын үй, белсенді демалыс орындарының тұрғындар үшін жақын жерде орналасуы және қолжетімді болуы. 

2021 жылы «Өндіріс», «Көктал», «Үркер» (Ильинка), Железнодорожный шағын аудандарында төрт ірі спорттық-сауықтыру кешені салынады деп жоспарланған. Көктал және Өндіріс шағын аудандарындағы спорт-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталды. 

Дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінде тұрғындар тек тек спортпен ғана шұғылданып қоймай, халыққа қызмет көрсету орталығының да қызметін ала алады. Және полиция пункті орналасқан. Спорт кешенінде баскетбол, волейбол, үстел теннисі, жаттығу залы, күрес, бокс залдарымен қатар, егде жастағы адамдарға арналған клубтар бар. Ұлттық ойындарды оқыту залдары да қамтылған. 

Дене шынықтыру – сауықтыру кешендеріне тұрғындар тегін бара алады.

Қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында үй кезегінде тұрған 2 мыңға жуық елордалық «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспаналы болды. Алматы ауданында орналасқан «Отау» тұрғын үй кешенінде 1 884 пәтер бар. 

Пәтер кілттерін кезекте тұр¬ған қала тұрғындарынан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы азаматтардың кезекті бір бөлігі алды. Ендігі жоспарға сәйкес келесі жылы осы аумақта жаңа мектеп бой көтереді. Балабақша, медициналық орталық секілді басқа да әлеуметтік маңызды нысандар салынады. Абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне барынша жағдай жасалады. Тұрғын үй кешені  өз алдына жеке шағын аудан ретінде дамыту жұмыстары жүргізіледі.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй көлемін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бес жыл ішінде 50 мың тұрғынды баспанамен қамту жоспарланған. Жыл басынан бері 6 мың тұрғынға пәтер кілті берілген, енді қалған 4 мың елордалық жыл соңына дейін жаңа пәтер кілтін алатын болады.

Өткен жылдармен салыстыратын болсақ 2018 жылы 1 800 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер, 2020 жылы 7 000-нан астам пәтер салынып, пайдалануға берілген.

Өзгелердің жаңалығы