Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада отандық цифрлық жобаларды таныстыратын «Smart Сity Nur-Sultan» форумы өтті.
Шараға Түркі кеңесінің мүшелері мен қала қонақтары қатысты.
Аталған іс-шараның мақсаты - түркі тілдес мемлекеттер арасында цифрлық трансформация, жаңа технологияларды енгізу және инновацияларды дамыту бойынша өзара тиімді ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылау.
Бүгін Орталық Азияның 6 мемлекетінен делегациялар келді. Оларға қаланың IT саласындағы ең үздік жобаларымызды көрсеттік. Мұндай тәжірибе алмасу арқылы алдағы уақытта бірлесе жұмыс атқаруымыз мүмкін. Бұл жолда еліміздің IT мамандары батыл қадамдар жасауда. Менің ойымша, еліміздің IT саласының болашағы жарқын, - дейді Нұр-Сұлтан қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ботагөз Қасабек.
Кеңес өкілдері бас шаһарға сапары кезінде елорда өмірінің түрлі салаларындағы цифрлық технологияларды дамытудың қазіргі таңдағы жетістіктерімен және жоспарда бар жаңа бағыттарымен танысты. Қонақтарға I-komek, I-Qala, CTS цифрлық бағдарламалары, сонымен қатар жергілікті IT саласын шетелдік нарықтарға таныту мақсатында «Қазақтелеком» АҚ-ның жаңа жобалары көрсетілді.
Сонымен қатар Ботагөз Қасабек еліміздің қай қалалары Smart City деп атауға болады деген сұраққа жауап берді
Еліміздің төрт ірі қаласы Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Шымкент шаһары Smart City жобасына енген. Алдағы уақытта бұл қалаларда жаңа жобалар іске асады, - дейді Ботагөз Қасабек.Ол 5G байланыс жүйесінің Қазақстанға келгенін айтты.
5G - елімізге келді. Байланыстың технологиялары «Қазақтелеком» АҚ-ның қолына жетіп отыр. Бүгінгі таңда сынама ретінде Қосшы, Шымкент және елорда шетіндегі Ильинкада тестілеуден өтуде. Тәжірибе барысында оң нәтижеге қол жеткіздік. Бірақ астанамыз жуық арада қамтылады деп айта алмаймын. Себебі тестілеулерді сараптау жұмыстары көп уақыт алады. Кем дегенде екі жыл ішінде 5G орнайды деп сенемін, - дейді Нұр-Сұлтан қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы.Естеріңізге сала кетейік, «Қазақтелеком» АҚ Ақмола облысы Ақкөл қаласында «ақылды қала» жобасын жүзеге асырған болатын. Бүгінгі таңда бұл жоба еліміздің батысында – Жаңаөзен қаласында іске асырылуда.