Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 16 маусымда елордалық Орталық саябақта Халықаралық тоқу күніне орайластырылған фестиваль өтеді. Нұр-Сұлтан қаласы 2005 жылы Парижде бастау алған шараға екінші рет атсалыспақ. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет және спорт басқармасы хабарлады.
Бүгінде аталмыш шара әлемнің көптеген мемлекетінде жыл сайын аталып өтіледі. Тоқумен айналысатын адамдарға қолдау көрсетуге бағытталған шара Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт қаласының басқармасымен ұйымдастырылады және пикник түрінде өтеді. Өткізу уақыты – сағат 15:00-18:00.
Фестивальге бізбен және ілгекпен тоқи алатындар да, тоқуды үйренгісі келетін де елорда тұрғындары мен қонақтары шақырылады. Тоқу өнерін енді ғана меңгеретін жандар үшін тоқу, иіру және киіз басудан тегін шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Шара балалар үшін де, ересектер үшін де бірдей қызықты болады.
Бұдан басқа, шара барысында қонақтар ашық аспан астында өтетін йога және самба-jumping сабақтарына қатыса алады. Алаңда кітап оқуға құмар жандар үшін әткеншектер орнатылады, селфи жасауға арналған аймақтар жасалады, түрлі конкурстар мен концерттік бағдарлама өткізіледі. Кеш жүргізушілері – Азамат пен Антон.
"Шараға мүмкіндігі шектеулі жандарды және психоәлеуметтік дамуы бұзылғандарды тартуға баса назар аударылады. Фестивальдің негізін қалаушы Рахима Мукушеваның Bergen шеберханасында бүгінде 14 адам еңбек етеді, оның ішінде 11-і – халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады. Тоқу арқылы олар ақша тауып, ниеттес адамдармен қарым-қатынас орнатады. Қолөнер терапия іспетті адамның жанын тыныштандырып, қиындықтарды еңсеруге көмектеседі", - дейді фестивальді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, Тоқу фестиваліне қатысушылар қайырымдылық шараға да үлес қосады. Олар мерзімінен бұрын туған сәбилерге киім тоқиды және өз қолдарымен жасаған бұйымдарын онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға тарту ете алады. Шеберлік сыныптары барысында қолөнершілер өлшемі 15*15 см құрайтын түрлі түсті шаршылар тоқып, оларды бір-біріне қосып, үлкен жамылғылар жасайды. Бұл бұйымдар да перзентханаларға табысталады.
Адамдар көп уақытын планшет пен компьютердің алдында өткізетін бұл заманда тоқу фестивалі сынды шаралардың әлеуметтік маңыздылығы өте зор. Оған қатысушылар тоқудың негізгі дағдыларын меңгеріп, оны ары қарай дамыта алады. Көпшілік алдында тоқу АҚШ, Англия, Франция, Швеция, Финляндия, Норвегия, Эстония және басқа да мемлекеттерде кеңінен насихатталады.