Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Елордалық студенттер қоқысты сұрыптап, экологияны сақтаудың жолдарын талқылады

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
17 Қараша 2025, 19:43
401
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Астанада Байқоңыр ауданында “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында “Экологиялық тазалық пен рухани тазалық үндестігі” тақырыбында танымдық лекция өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

“Эко-Хаб” қоғамдық бірлестігінің басшысы Гүлнара Хан Есіл университетінің студенттеріне экологиялық мәдениет пен Тұрақты даму мақсаттарын түсіндіруге бағытталған шаралардың маңызын айтты.

Біздің негізгі мақсатымыз – Тұрақты даму мақсаттарын қала мен республика деңгейінде түсіндіру және оларды өмірге енгізуге үлес қосу, - деді экобелсенді.

Елордалық студенттер қоқысты сұрыптап, экологияны сақтаудың жолдарын талқылады

Спикер лекцияда экологиялық білім, экомәдениет қалыптастыру және қоқысты сұрыптау жөніндегі түсініктерді кеңейту маңызды екенін айтты.

Экология – ең өзекті мәселелердің бірі. Қоқысты сұрыптау туралы бағдарламалар бұған дейін неге толық жүзеге аспады? Себебі ақпарат жеткіліксіз болды, халыққа түсіндіру жұмыстары аз жүргізілді. Біз дәл осы кемшіліктердің орнын толтыруға тырысамыз. Қазір “Таза Қазақстан” бағдарламасының арқасында жақсы серпін пайда болды. Тұрғындар, мемлекеттік органдар, жеке компаниялар бірлесе жұмыс істеп, экологияға жауапкершілікпен қарау мәдениеті қалыптасып келеді, – деді ол.

Елордалық студенттер қоқысты сұрыптап, экологияны сақтаудың жолдарын талқылады

Спикер өз тәжірибесін бөлісіп, қоқыс сұрыптауды үйден бастауға болатынын да атап өтті.

Лекция барысында экожүйені сақтау, тұрмыстық қалдықтарды азайту, жасыл өмір салтын қалыптастыру және тұрмыста экологияға зиян келтірмейтін әдеттерді енгізу бойынша практикалық ұсыныстар берілді. Қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің әр азаматтың саналы таңдауынан басталатыны ерекше аталып өтті.

Спикердің айтуынша, халықта сұрыптауға қызығушылық бар, бірақ “нені қайда салу керек” деген түсінік әлі де толық қалыптаспаған.

Бізде бұрын қаланың әр жерінде сары контейнерлер қойылған еді, бірақ олардың көбі қазір жұмыс істемейді. Адамдарда сұрақ көп: үйде жинаған он шақты бөтелкемді қайда апарамын? - деді Гүлнар Хан.

Елордалық студенттер қоқысты сұрыптап, экологияны сақтаудың жолдарын талқылады

Хан қалдықтарды басқару пирамидасын түсіндіре отырып, ең тиімсіз жол - қоқысты полигонға көму екенін, екінші деңгей - энергия алу үшін жағу (қоқыс жағатын зауыт), ал қайта өңдеу - тек үшінші деңгей екенін атап өтті.

Қоқыс жағатын зауыт заманға сай болғанның өзінде де шығарындылардан құтыла алмайсыз. Сонымен қатар біз қоқысты жағып, оның артында тұрған ресурсты - суды, энергияны, шикізатты көрмей қаламыз, - деді спикер.

Университеттің ІІ курс студенті Надежда Мазуренко осындай іс-шаралар адамдарға қоршаған ортаны қалай қорғау керектігін үйрететінін айтты.

Мен қоқысты кез келген жерге тастамаймын. Қоқысты әрдайым сұрыптауға тырысамын. Үйімнің жанында сұрыптау контейнерлері бар, мен соларды пайдаланып, қалдықтарды дұрыс бөлемін, - дейді студент.

Лекцияға 100-ден астам студент қатысып, белсенді түрде талқылауға атсалысты.

Айта кетейік, “Таза Қазақстан” республикалық акциясы шеңберінде жыл басынан бері аудандық әкімдіктің ұйымдастыруымен елордалық жастардың қатысуымен түрлі танымдық және экологиялық іс-шаралар белсенді түрде өткізіліп келеді.

Өзгелердің жаңалығы