Елордада көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті бақылап жүрген Ұлттық ұланның әскери қызметшілері алаяқтық әрекеттерге күдікті адамды ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Абылай хан көшесінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік жөніндегі міндеттерді орындап жүрген Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері күдікті адамды байқаған.
Көшеде серуендеп жүрген азамат патрульдік топ бастығы сержант Ғабит Кеңесбаевтың сөзіне жауап беру кезінде тайсақтаған. Осыдан кейін сөзі мен ісі күдік тудырған азаматты патрульдік топтың қатардағы жауынгерлері Бақыт Қырықбай пен Марат Қожабек Алматы ауданының полиция басқармасына жеткізген. Онда бұл азаматтың алаяқтық жасады деген күдікке ілінгені анықталды.
Күдікті азамат бізді көре сала өзін-өзі жайсыз сезініп, біртүрлі қылық танытты. Біз одан тексеру үшін құжаттарын көрсетуді сұрадық. Осыдан кейін, тексеру барысында азаматтың 190-баптың 1-бөлігі (алаяқтық) бойынша іздестірілгені анықталды, - дейді патрульдік топтың бастығы сержант Ғабит Кеңесбаев.
Анықтай келе, аталған азаматтың 2023 жылдың 16 сәуірінде Мерей көшесінде туысына қоңырау шаламын деген сылтауымен өзгенің «Iphone 7» маркалы ұялы телефонын алып қашқаны белгілі болды. Осылайша, ол қала тұрғынына 30 мың теңге көлемінде шығын келтірген.