Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 наурызда атап өтілетін Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні қарсаңында, сондай-ақ Мемлекет басшысы жариялаған балалар жылы аясында елордалық Төтенше жағдайлар департаменті №62 мектеп-лицейінің оқушыларына арнап танымдық іс-шаралар өткізді. Құтқарушылар оқушыларға өз білгендерімен бөлісіп, төтенше жағдай туындаған кезде не істеу керектігін айтты, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Айта кетейік, биыл Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні «Азаматтық қорғаныс және апаттар мен дағдарыстар кезінде жер аударылған адамдармен жұмыс, еріктілердің рөлі және пандемиямен күрес» ұранымен өтуде.
Қалалық ТЖД қызметкерлері №62 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушыларына арнап ашық сабақ ұйымдастырды, онда балаларға азаматтық қорғаныс күштерінің құрылу тарихы, тыныс алу органдарын қорғау құралдары және газтұтқыш құрылғысы туралы айтылды.
Сондай-ақ, оқу орнының конференц-залында Апаттар медицинасы орталығының қызметкері суға батқан, жараланған кезде зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету жолын үйретті.
Сонымен қатар, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасында оқушыларға арнап, авариялық-құтқару техникасы мен жабдықтарының көрсетілімімен «Ашық есік күнін» ұйымдастырды. Балаларға арнап өрт сөндірушілер мен құтқарушылар мұражайына экскурсия жүргізілді. Онда олар өртке қарсы қызметтің құрылу тарихымен танысты. Өткізілген іс-шаралардың мақсаты – төтенше жағдайлардағы білім мен әрекетті насихаттау.