Полицияға қала тұрғыны хабарласып, белгісіз біреу оның 55 мың теңге тұратын велосипедін ұрлап кеткенін айтып арызданған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Алматы» ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында велосипед ұрлады деген күдікпен елорданың 24 жастағы тұрғынын ұстады.
Тергеу барысында анықталғанындай, күдікті түнгі уақытта Күйші Дина көшесінің бойындағы үйлердің бірінің кіреберісінде тұрған «Skillmax» маркалы велосипедті ұрлап әкеткен.
Ұсталған азаматқа қатысты «ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұрланған велосипед тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Оның елорда аумағында осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарға екі дөңгелекті көлікті қараусыз қалдырмауды ескертеді. Велосипедтерді ұрылардың жеміне айналдырмас үшін жоғары сапалы ұрлыққа қарсы велосипед құлыптары мен шынжырларды пайдаланыңыз.