Елордалық оқушылардың ата-аналары балалардың қауіпсіздігін талқылады

29 Ақпан 2024, 08:19
639
Бөлісу:
Елордалық оқушылардың ата-аналары балалардың қауіпсіздігін талқылады
Фото: gov.kz

Елордалық Нұра ауданында білім беру үдерісін ұйымдастыру және балалардың қауіпсіздігі мәселелеріне арналған "Қауіпсіз орта" тақырыбында оқушылардың ата-аналарымен кездесу өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Осындай іс-шаралар биыл жыл соңына дейін өтеді.

Іс-шара Мемлекет басшысының балалардың құқықтары мен қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында өтті. Жиналысқа Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова, аудандық прокурордың орынбасары Бауыржан Асқаров, Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев, сондай-ақ мектеп оқушыларының ата-аналары қатысты.

Бүгінде Нұра ауданында 80 мыңға жуық бала білім алуда. Бізде барлығы 8 мемлекеттік, 12 жекеменшік мектеп және 2 Binom мектебі жұмыс істейді. Аудандық құрылымдардың өзара тығыз іс-қимылының арқасында жағдайы қиын отбасылардағы балаларды анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Осылайша, 2023 жылғы қарашадан 2024 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде аудан аумағында 5 осындай отбасы анықталды. Аталған отбасылардың қажеттіліктеріне сәйкес, азық-түлік себеттерін беру, медициналық қолдау көрсету бойынша барынша қолдау көрсетіледі, - деді Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.

Кездесу барысында қатысушылар отбасындағы әлеуметтік жағдай, кәмелетке толмағандар арасындағы суицид пен құқық бұзушылықтың алдын алу сияқты маңызды тақырыптарды талқылады. Мектептерді ұлғайту және балабақшаларды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

2029 жылдың соңына дейін 80 мектеп және 2027 жылға дейін 50-60 балабақша ашу жоспарлануда. Спорт кешендеріне келетін болсақ, жақында 5 нысан пайдалануға берілді, - деді Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев.

Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.

Өзгелердің жаңалығы