Астана қаласындағы № 71 мектеп-лицейінің оқушылары жас сарбаздар қатарын толықтырды. Балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысына алпыстан аса бесінші сынып оқушылары кірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Салтанатты рәсім Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өтті. Рахымжан Қошқарбаевтың жүз жылдық мерейтойына арналған іс-шара елорда әкімдігінің, Астана қаласының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының және «Жас сарбаз» РҚБ елордалық филиалының қолдауымен өтті.
Оқушыларды «Қарулы күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары генерал-майор Марат Нағұманов құттықтап, оларға қозғалыс мүшесінің куәлігін табыс етті.
Ол әр адамның өміріне қажетті әдептілік, білім, кәсібилік және Отанға деген адалдық сияқты қасиеттерді атап өтті.
Құрметті балалар, сендер мүмкіндігі мол тамаша уақытта өмір сүріп жатсыңдар. Барлық әлеуетті, күш-қуатты және білімді өмірдің басты мақсатын жүзеге асыруға бағыттаңдар. Естеріңде болсын, Қазақстан сендердің әрқайсыңның жетістіктеріңе мүдделі, өйткені сендер елдің болашағысыңдар, – деп атап өтті М.Нағұманов.
Балалар жас патриоттың ант сөздерін ерекше ықыласпен және мақтанышпен айтты. Осындай қуанышты сәтпен балаларды «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев та құттықтады.
«Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысы өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға, азаматтық белсенділікке тәрбиелеуге, рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіруге, Отан алдындағы жауапкершілік сезімін оятуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталғанын естеріңізге сала кетейік.