Елордада ҚХР-дың Қазақстандағы елшілігінде аспан мен жер арасындағы диалог өтіп, елордалық оқушылар қытайлық ғарышкерлермен тілдесе алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шараның негізгі мақсаты - ғарыш ғылымы мен технологиялары туралы білімді тереңдету, жас ұрпақтың дамуына қолдау көрсету, достық пен практикалық ынтымақтастықты тереңдету. Диалог ШЫҰ-ның тату көршілік, достық және ынтымақтастық жөніндегі қытай комитетінің ұйымдастыруымен өтті.
Аспан мен жер арасындағы диалогта ШЫҰ елдерінің студенттері мен мектеп оқушылары «Шэньчжоу-15» ғарыш кемесінің экипаж мүшелерімен онлайн форматта кездесіп, сұрақтарын қоя алды.
Кездесуге Қазақстандағы ҚХР елшісінің кеңесшісі Син Фанфан ханым, №26, №67 және №81 мектеп-гимназиясының, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мен мұғалімдері және Конфуций институты өкілдері қатысты.
Бүгін аспан мен жер арасындағы диалогқа өздеріңізбен бірге қатысып отырғаныма қуаныштымын. Қытайлық үш ғарышкер ғарыш туралы тәжірибелерін онлайн форматта бөліседі. Мұндай кездесуде айтылған ақпарарт сіздердің ғарыш саласына деген махаббаттарыңызды оятып, жаңа инновациялық ілім-ғылымды ашуға септігін тигізеді деп сенемін. Қытайдың ғарыш саласы 30 жылдық тарихты бастан өткерді, - деді дипломат.
Кездесуге 10 оқушысын алып келген Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің аэрокосмонавтика үйірмесінің меңгерушісі Оралбек Бидайбек балалардың ғарыш саласына қызығушылығы жоғары екенін айтты.
Оқушыларым 7-сыныптан бастап ғарыш үйірмесіне қатысады. Оларға бүгінгі кездесу өте қызықты болды. Өйткені балалар мектепте алған білімдерін одан ары жалғастырып, білім-біліктіліктерін арттырғысы келеді. Сол себепті де бүгін кездесуге оқушыларым арнайы келіп отыр. Кей балалар ғарыштағы Қытай ғарышкерлеріне сұрақтарын қойып, тікелей сөйлесе алды, - деп айтты ұстаз.
Сөзінше, мектептегі аэроғарыш үйірмесіне қатысатын оқушылары космонавтика туралы өздерінің білімдерін жетілдіріп, модельдер, зымырандар жасап ұшырады. Үйірме жетекшісі атап өткендей, оқушылар бүгінгі кездесуде Қытай халық республикасының ғарыш сапарындағы еңбектерін біле алады.
№26 мектептің 6-сынып оқушысы Аделя Исмаилова қытайлық ғарышкерлерге өзінің сұрағын қоя алды.
Мен «Егер адамдар үнемі ғарыштағыдай салмақсыз өмір сүрсе, не болады?» деп сұрадым. Жауап маған ұнады. Ол біздің ағзамызға, денсаулығымызға әсер етеді екен. Осылайша жүрегімізге әсер етіп, басымыз ауыруы мүмкін. Маған осы іс-шара өте ұнады. Қытайлық ғарышкерлермен тілдесіп, ғарыш туралы одан да көбірек білім ала алғаныма ризамын, - деп айтты оқушы.
Ол қазір қытай тілін үйреніп жүр. Болашақта тіл қажет болуы мүмкін дейді.
Онлайн кездесуге Қазақстаннан басқа, Үндістан, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Иран, Беларусь және Моңғолия, Әзербайжан, Армения, Египет, Камбоджа, Катар, Непал, Сауд Арабиясы, Түркия, Шри-Ланка, Бахрейн, Кувейт, Мальдив аралдары, Мьянма және БАӘ қатысты.