Елордалық кәсіпкерлер туристерден 35,2 млрд теңге пайда тапқан

13 Сәуір 2023, 21:15
638
Бөлісу:
Елордалық кәсіпкерлер туристерден 35,2 млрд теңге пайда тапқан
Фото: kk.atomiyme.com

Өткен жылы қазақстандық қонақүйлер, демалыс базалары, жатақханалар мен басқа да қонақтарды орналастыру орындары 183 млрд теңгеге жуық табыс тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

МСМ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 67%-ға көп.

Қонақ орналастыру бойынша ең көп табыс Алматы қаласының кәсіпкерлеріне тиесілі. Былтыр олар 56,2 млрд теңгеге жуық табыс тапқан. Елордалық орналастыру орындарының табысы 35,2 млрд теңгеге жуықтайды.

Айта кетейік, көбінесе туристер Алматы, Шымкент, Астана қалаларында, сондай-ақ Алматы, Маңғыстау және Түркістан облыстарында тоқтаған.

Жалпы алғанда еліміздің барлық өңірлерінде табыс көлемінің өсімі тіркелді. Бүгінгі күні Мәдениет және спорт министрлігі туристік сала жобаларына кредит беру мерзімдерін, сондай-ақ берілген кредиттер бойынша субсидиялау лимитін ұлғайту мүмкіндігін пысықтап жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы туристік әлеуеті бар өңірлерде кәсіпкерлік және инвестициялық белсенділікті арттыру үшін жасалып жатыр, - деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін елімізде туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың бірнеше құралы іске қосылған болатын. Олардың ішінде – туристік объектілерді салуға және қажетті жабдықтарды сатып алуға жұмсалған бизнестің шығындарын ішінара өтеу. Бұл Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен 7 заңнамалық норманың іске асуының нәтижесінде мүмкін болып отыр.

Біріншіден, туристік нысандарды салу және реконструкциялау үшін кәсіпкерлік субъектісінің шығындарының 10% өтеледі. Екіншіден, бизнесменге жол бойындағы сервис нысандарын (қонақүйлер, жанармай құю бекеттері, сауда және тамақтану пунктері және т.б.) салу үшін де осы мөлшерде субсидия қарастырылған. Үшіншіден, 8 және одан да көп орындық туристік автобустарды сатып алғаны үшін 25% көлемінде өтемақы енгізілді. Төртіншіден, дәл осы мөлшерде тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықты сатып алу шығындары өтеледі. Сондай-ақ санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстау (айына 83 000 теңге) субсидияланады.

Өзгелердің жаңалығы