Астанада коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Жеке сектордағы егде жастағы тұрғындарға үйдің аумағын өз бетінше тазалау оңай емес. Бұл ретте елорда еріктілері «Қайырымдылық істер» марафоны аясында зейнеткерлер үйлерінің аулаларында қар тазалау акциясын жалғастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін елордалық жастар Сарыарқа ауданы тұрғындарының үйлеріне барып, аумақты қардан тазартуға көмектесті. Жыл басынан бері акция аясында қаланың барлық аудандары бойынша жалғызбасты ата-әжелердің 40-тан аса жеке ауласы тазартылды.
Еріктілердің жұмысы туралы қала тұрғындарының бірі Санат Мұсабеков пікірін білдірді.
Жастардың зейнеткерлерімізге көмектесіп жатқанын көріп, марқайып қалдық. Бұл өз кезегінде басқа адамдарға үлгі болады. Сондықтан ағам екеуміз де ауланы қардан тазартуға көмектесетін жақындары жоқ көршілерімізге қол ұшын беруге тырысамыз, - деді Санат Мұсабеков.
Қайырымдылық акциясы жалпы қала мәдениетіне де әсер етеді. Ештеңеге бейжай қарамайтын тұрғындар игі істерге қосылуда.
Кез келген адам еріктілердің қатарын толықтыра алады.
Ол үшін «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының Instagram аккаунтына хабарлама жазу керек.
«Қайырымдвлық істер марафоны» акциясы аясында сіздер біздің қатарымызды толықтырып, ерікті бола аласыздар. Қазақстанның болашағы жастардың қолында екенін есте сақтаңыз, - деді астаналық жастар.